Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік сатып алу сайтына салынған кезекті лоты еріксіз назарымызды аударды. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, атап айтқанда, 70 миллионнан астам ақшаны жедел игерудің қамын жасаймыз деп біраз қателікке жол берген деп хабарлайды Uakytnews.kz. Мәселен…
Қазір 39171005-ОК1, 39051548-ОК1, 45616684-ОК1 лоттары бойынша ашық конкурс жарияланып, конкурстық құжаттама жобасын алдын-ала талқылау кезеңі 2021 жылдың 29-қазаны мен 13-қараша аралығына бекітіліпті. «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына сәйкес, конкурстық құжаттама жобасына ескертулер болмаған кезде оны бекіту туралы шешім қабылданады. Одан кейін әлеуетті өнім берушілердің құжаттарын қарап, жеңімпаздың анықталуына тағы біраз уақыт кетпек. Заңдағы өзге де мерзімдік талаптарды толық ескерген жағдайда келісім-шартқа қол қойылғанша желтоқсанға да ілігеріміз анық.
Сонда, бұл мекеме Сатып алынатын қызметтердің Техникалық ерекшелігіндегі «Қызметтерді көрсету мерзімі» деген пунктке неліктен «қазан – желтоқсан» деп жазып қойған. Әлде, байқауды ұйымдастырушылар 333,333.33 шаршы см-ді де, осы көлемге қарастырылған 71 428 571.45 теңгені де бір басылымның бір айда игере алмасын түсініп, қулыққа барып отыр ма? Әйтпесе, келісім-шарт жасалмай тұрып қазан мен қарашада көрсетілген қызметті басқарма қалай қабылдамақ?
Және қызмет көрсету мерзімі «қазан-желтоқсан» деп көрсетілгенімен байқау аяқталғанша желтоқсан болатынын атап өттік. Демек, мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, қаржы тек бір айға, желтоқсанға ғана қарастырылуы керек еді ғой. Ал, Түркістанның қоғамдық даму басқармасы оған бас қатырмай, үш айдың сомасын бір-ақ жариялапты. Бұл заңсыз емес пе?
Бір басылым деуімізге де негіз жоқ емес. Өйткені, осы жоғарыда көрсетілген лоттардың әрқайсысының техникалық сипаттамасындағы біразғантай ерекшеліктерді есепке алмағанда бәріне бірдей талап қойылған. Атап айтқанда, басылым тақырыптық бағыты тұрғысынан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени болуы керек екен.
Сондай-ақ! Алғашқы екі хабарландырудың атауын тапсырыс берушілер «Ақпараттық мониторинг қызметі» деп көрсетіпті. Мемлекеттік сатып алу порталында ақпараттық мониторингтің тауар, жұмыс және қызмет көрсету коды (ТЖҚК) 63.99.10.000.002.00.0777.000000000000 деп берілген. Бірақ, техникалық сипаттама тек қана басылымға жарияланатын мақалалардың тақырыбы, көлемі және т.б. қатысты. Оның ТЖҚК-ы 63.99.10.000.006.00.0777.000000000000. Яғни, байқаудың атауы мен техникалық сипаттамада сәйкессіздік бар. Ал, өнім беруші нені, қашан, қайда, қалай тексеріп, мониторинг жасауы керек? Ол туралы бір ауыз сөз жоқ сипаттамада.
Ал, үшінші лот бұрынғыдан да сорақы. Онда «организации/ проведению конференций/ семинаров/ форумов/ конкурсов/ корпоративных/ спортивных/ культурных / праздничных и аналогичных мероприятий» делінген. Яғни, әлеуетті өнім беруші осындай іс-шаралар өткізіп беруі керек. Оның ТЖҚК-ы 82.30.11.000.000.00.0777.000000000000.
Бірақ, лоттағы техникалық сипаттама тағы да газеттің тақырыптық бағыты, форматы, жазылатын материалдар көлемі дегенге кетіп қалады. Яғни, жоғарыда көрсеткен кодқа қатысты қызмет түрі сұралып отыр. Сонда, семинар, конференциялар мен мерекелік шаралардың техникалық сипаттамасы қайда?
Жалпы, бұл лоттарды қарап отырып, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы игерілмей қалған қаржыны қалай да шығарып алудың амалын жасап, далбасалап жатқандай көрінеді.