Қазақстанда зерттеумен айналысатын ғалымдар саны аз. Қаржыландырудың дұрыс болмуы – оған басты себептердің бірі. «Алайда соңғы жылдары ғылым саласында біршама ауыз толтырып айтатындай өзгерістер бар» дейді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Оның сөзінше, ғылымды қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық ғылым саласындағы өзгерістер туралы баяндайды.
2022 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 1 миллион тұрғынға шаққанда 1 172 ғалымнан келеді. 1990 жылы бұл көрсеткіш 2 166 ғалым еді. Шетелмен салыстырғанда, мысалы Ресейде – 2 851, АҚШ-та – 4 256, Германияда – 5 212, Жапонияда – 5 331 ғалымнан келеді.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, Қазақстанда ғалымдардың 39 пайызы орта жаста, яғни 35-54 жастағылар, 36 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Ол ғылыми әлеует бар екенін айтты. Алайда ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендігін жалақының аздығымен байланыстырды.
Расында, отандық ғылымдағы басты мәселелердің бірі – ғалымдар жалақысының тұрақсыздығы еді. Ғалымдар жалақыны тек ғылыми конкурстарға қатысу арқылы алатын. Ал конкурстар 3 жылда 1 рет қана өтіп тұрды.
«Ғалымдарда тұрақты жалақы болмады. Олар үш жылда бір рет қана өтетін конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда төленетін. Ал ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен айналысатын институттарда тұрақты қаржыландыру болған жоқ: тіл білімі, тарих, әдебиет, өнер, археология, философия, шығыстану, астрофизика және басқа салаларда», – дейді министр.
Жалпы әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы болуы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,13 пайыз. Көрші ресейде 1,1 пайыз, Корей елінде тіпті жоғары – 4,6 пайыз. Аймағамбетов қаржыландырудың басым бөлігі жеке инвестицилардан қалыптасуы тиіс екенін, ол бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтты.
Ғалымдар бұл мәселені ұзақ жылдар бойы көтеріп келді. Министр проблема мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасынан кейін ғылым туралы заңға өзгерістер еніп қана толығымен шешімін тапқанын айтты.
«Ғылымды дамытуға арналған бағдарлама бекітіліп, ол қажет ресурстармен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 4000-нан аса ғалым тұрақты және үздіксіз жалақы алатын болды. Оның ішінде базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысы енгізілді (1 200 адам), 29 ҒЗИ-ға толық қамтитын тікелей қаржыландыру енгізілді (3 000-нан аса адам). Яғни елімізде қажетті зерттелерді үздіксіз өткізуге мүмкіндік пайда болды.
Ғалымдарды ынталандыру үшін жыл сайын 50 «үздік ғылыми қызметкерге» 2 000 АЕК (6 миллион теңге) көлемінде сыйақы берілетін болды.
2020 жылы ғалымардың орташа жалақысы 152 мың теңге болса, 2022 жылы айтарлықтай өсті. Қазір орташа жалақы – 257 мың теңге, ең жоғары – 1,5 миллион теңге«, – деді ол.
Ғылымды қаржыландыру жүйесі де түбегейлі өзгерді. Бұған дейін басты проблема – жалпы қаржыландыру деңгейінің төмендігі оның мерзімінің қасқалығына байланысты болды. Оған қоса конкурстар 3 жылда бір рет қана өткізіліп келетін және ғалымдар одан грант жеңіп алмаса, үш жыл күтуге мүмкіндік болмай, адамдар ғылым саласынан кетіп қалуға мәжбүр болатын.
«Сол үшін конкурстар енді жыл сайын өткізіледі. Қаржыландыру 70 пайызға артты. Гранттың жаңа түрлері енгізілді – жас ғалымдарға, коллаборацияға арналған, қысқамерзімді және индивидуалды. Гранттар – ғалымдар идеясын қолдау, олардың құзыреттерін жетілдіру үшін. Нысаналы қаржыландыру – нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бөлінетін болды. Қаржыландыру мерзімі бұрын 3 жыл болса, қазір 5 жылға дейін ұзартылды», – деді министр.