Алматы сотына Astra Consulting Agensy және Alpha Lux Consulting қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл туралы Бостандық ауданының прокурорлары Facebook желісінде хабарлады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы Astra Consulting Agensy ЖШС және Alpha Lux Consulting ЖШС басшылары мен менеджерлеріне қатысты қаржы пирамидасы туралы қылмыстық істі сотқа жолдаған. Ведомство мәліметінше, салымшыларға 600 миллион теңгеден астам шығын келген.
«Тергеу барысында анықталғаны ұйымдастырушылар мен менеджерлер ұялы телефондарға қоңырау шалып, қаржылық сауаттылық курстарына шақыртып, содан кейін олар салым сомасына байланысты әр түрлі пайыздармен 124 салымшыны алдап, ақшаны сенімгерлік басқару туралы келісімдер жасаған. Инвесторларға салым сомасына байланысты жедел төлемдер беруге уәде еткен.
Қылмыстық іс шеңберінде 6 адам күдікті ретінде танылып, оларға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған.
«Прокуратура органдары азаматтарға жоғары пайда табуға уәде беретін түрлі кәсіпорындарға қаражат салу туралы ұсыныстар алған кезде абай болуды ұсынады», – делінген хабарламада.
Еске салайық, былтыр сәуірде Astra Consulting Agency қызметі пирамидалық схема ретінде танылғаны хабарланған болатын. Одан кейін полицейлер компанияның алты қызметкерін ұстады, ал басшысына халықаралық іздеу жарияланды.