Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында Асхат Аймағамбетов қоластындағыларға Балалар жылына арналған 200 жоспарды қайта қарауды жүктеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мен жаңа дайындалмаған әріптестеріме сөз бердім. Біраз жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жүйелі жұмысты көріп тұрған жоқпын. Әлде дайындалған жоқсыздар ма, білмеймін. Балалар жылы бойынша өңірлердің жоспарларын қайта қарау керек. Оларды толықтыру керек. Әр аудан немесе қала бойынша жоспар болуы керек. Сөз бергенде жүйелі мәселелерді айтып беруге дайын болуларыңыз керек. Көзім жетіп отыр, жүйелі мәселе мен күнделікті болып жатқан мәселелерді айыра алмай отырсыздар. Мектептерді жөндеп жатырмыз деп айтып жатырсыз. Ол өткен жылы да жөнделді. Жөнделуі керек те. Нақты Балалар жылында жүйелі қандай іс-шаралар орындалады? Жоспарда не бар? деген сұраққа жауап беруге дайын болыңыздар, – деді министр.
Ведомство басшысы өз орынбасары Ғани Бейсембаевқа бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
Керек болса, 200 жоспарды қайтадан қараңыздар. Сіздерге екі жұма уақыт беремін. Жүйелі мәселелерді қарау керек. Балалар жылы болмаса да атқарылатын күнделікті мәселені қосудың қажеті жоқ. Балаларға қатысты нақты қандай проблема бар соны ішіне қосу керек. Мүмкін аз болар. Бірақ бізге формальді түрде іс-шараны қосудың қажеті жоқ, – деді министр.