Кешке сағат 21:50 шамасында Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған «ГАЗ 53» маркалы жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден шықты.
Тәртіп сақшылары анықтағандай, белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 пресі бар жүк көлігін өртеп жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуық.
Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды, куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер, жүк көлігіне келіп, ондағы шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін тапты. Ол от қойғаннан кейін орындыққа отырып, өртті бақылаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі