Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бастамасымен «Dialog» сарапшылар алаңы ашылып, оның алғашқы отырысы өтті.
Алқалы басқосуға облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар, Аналар кеңестері мен Жетекші журналистер клубы, Кәсіпкерлер қауымдастығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Жиын барысында спикерлер өзара пікір алмасып, этносаралық қатынастар саласы бойынша ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.
Аталған жобаның мақсаты – өңірдегі этносаралық қатынастарды дамыту, ішкі тұрақтылықты нығайту, ұлттар арасындағы мәдени, рухани және өзге де бағыттар бойынша өзара ынтымақтастығының артуына үлес қосу. Бұдан бөлек, жаңа қазақстандық патриотизмді ілгерілету, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын іске асыруға ықпал ету және өңірдегі сарапшылар пулын қалыптастыру да клуб қызметінің басты міндеттерінің бірі.
Қоғамдық диалог – өзара сенім мен түсіністіктің негізгі өзегі, басты тұтқасы екендігі белгілі. Бұл тұрғыда арнайы сарапшылар мен қоғам белсенділерінің пікірі ерекше маңызға ие және өзекті болып табылады.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің жанынан құрылған клубта белгілі қоғам белсенділері, сарапшылар мен этномәдени ұйымдардың төрағалары бас қосып, белгілі бір тақырып аясында орнықты ойларымен бөліспек.
Нәтижесінде сауатты талдамалық ұсыныстар даярланып, арнайы қарар қабылданады.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы институттардың жұмысын жандандыруды көздейтін сарапшылар алаңының отырысы онлайн және оффлайн форматтарда ай сайын өткізілетін болады. Талқылаулар онлайн режимде әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде де таратылады. Осы арқылы көрермендер өз сұрақтары мен пікір-ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алмақ.
Қоғамдық алаң қызметінің маңызды бағыты – аймақта бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптейтін баянды бастамаларды іске асыруға ұйытқы болу.