Түркістан облысы әкімдігі Жеңіс күніне орай көзі тірі 15 соғыс ардагерінің әрқайсысына 1,5 млн теңгеден бір реттік материалдық көмек беретін боп шешім қабылдаған болатын. Және ол қаражат 30 сәуірге дейін қариялардың есеп шотына аударылып та қойды. Алайда осы ақпарат шыға салысымен артынша қан майданда Отан үшін қасық қаны қалғанша соғысқан қариялардың бірі бақилық болғаны жайлы суыт хабар жетті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Енді өңірде Екінші дүниежүзілік соғыстың 14 ардагері ғана қалды. Бұдан бөлек, соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 150 адам бар. Олардың ішінде ең жасы үлкен қариясы – Төлеби ауданының Ленгір қаласында тұратын Рысмет Жұмағұлов. Майдангер қарттың жасы 102-де. Ал, ең жасы – түркістандық Әбжаппар Дайрабайұлы биыл 96 жасқа толып отыр.
«Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне орай, ардагерлерге бір реттік материалдық көмек беру үшін бюджет есебінен 175,5 млн теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 15 ардагерге 1,5 млн теңгеден берілсе, 4 420 тыл еңбеккері мен қаза болған жауынгерлердің жесірлеріне 30 000 теңгеден, блокадалық Ленинградтың 2 тұрғынына 60 000 теңгеден, кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға және теңестірілген басқа да санаттарға 100 000 теңгеден бір реттік материалдық көмек төленеді», – деді құзырлы мекеме.
Жалпы, облыс бойынша соғысқа қатысты 324 ескерткіш, 79 мемориал, монументтік кешендер бар. Бүгінде барлығында жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық аудан орталығында және қалаларда ардагерлердің суреттерінен үлкен билбордтар жасалып, көше бойларына ілінеді.
Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында 15 ардагерге медициналық қызмет көрсетіліп, барлығы диспансерлік тексеруден өткізілген.