Маңғыстауда ерекше табиғи тас шарлар ұрлағандар видеоға түсіп қалған. Аудан әкімдігі және полиция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған Торыш жеріндегі жағдайға қатысты бейнежазба бойынша Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді.
«Желіде Маңғыстау ауданы аумағындағы көрнекті орындардың бірі Торыш жеріндегі шар тастарды жеке тұлғалардың көлікке тиеп жатқаны туралы жазба тарады. Бұл жағдай аудандық ішкі істер бөліміне хабарланды. Құзырлы органның қорытындысымен анықталған тұлғалар ҚР-ның қолданыстағы Заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Нақты ақпараттар белгілі болғасын жария етіледі. Табиғи құндылықтарға қиянат жасамайық! Өз жерімізге құрметпен қарауға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері Торыш шатқалындағы шарлар алқабынан тастарды алып кеткен жүргізушіні анықтады.
«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Торыш шатқалындағы шарлар алқабынан тастарды алып кетіп жатқан бейнежазба жарияланды. Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Тастар орнына қайтарылатын болады», – деді полиция қызметкерлері.
Еске салайық, Маңғыстауда ерекше табиғи тас шарлар ұрлағандар видеоға түсіп қалған. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып кетті. Онда арнайы техниканың көмегімен белгісіз адамдар тас шарларды көлікке тиеп жатқаны анық байқалады.