Себебі 12 сағат еңкейіп жеміс теру оңай емес.
Соңғы жылдары қомақты табыс табу мақсатында шекара асып жатқан жастар көбейді. Қазақстандықтар арасында Еуропаның бірқатар елі, БАӘ-да, Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасу сұранысқа ие. Осы ретте Польшада тұратын рекрутер маман Ақмарал Зұпар Еуропа елдеріндегі жұмыс, еңбекақы, қара жұмысқа кеткен қазақ жастарының өмірі жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Еуропа елдерінде жұмыс істегісі келетін жастарға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін Ақмарал Зұпар маман ретінде қазақстандықтарды ол жаққа кетуге не итермелейтінін айтты. «Кез келген адам өмірінде бір рет болсын, шетелге шығып көргісі келеді, ел көруді армандайды. Әсіресе жастар «жастық шағым бекер өтпесін», «ел көріп қалайын» деген мақсатпен кетеді. Ал үлкендер жағы кредит жабу, қарыз қайтару, бала-шағаны бағу мақсатын көздейді. Ашығын айтайын, мысалға 20-22 жастарында 8 млн теңге кредитке кіріп кеткен қыз-жігіттер бар, әскерге барғысы келмей шетелге кетіп қалғысы келетін жастар бар. Олар маған ашық түрде шынын айтады. Одан кейінгі басты себеп – жастар «еліміздің болашағы жоқ» деген адасқан оймен кетіп жатады. Содан кейін жай ғана эксперимент ретінде шетелде тұрып көргісі келетіндер де бар. Оларды сыйлаймын», – дейді Ақмарал Зұпар. Маман еуропалықтар қазақстандықтарға қандай жұмыс ұсынатынын бөлісті. Айтуынша, жұмыс отандастарымыздың білімі мен қабілетіне қарай беріледі.
«Өзім Польшада тұрып жатқандықтан көбінесе отандастарымызды осы елге бағыттаймын. Егер ағылшын тілін білсе, әрине, үлкен компанияларға кірген дұрыс. Өзімде тәжірибе болды, сондықтан call-центрде істедім. Жалпы Польшада тіл білетін, әдемі ғимараттарда, кеңселерде әдемі киініп, компьютер алдында жұмыс істеп жүрген қазақ балалары өте көп. Оларға қарап тамсануға болады. Бірақ көбінесе «маған кез келген жұмыс беріңізші, кредит жабуым керек, қиындығына қарамаймын» деген отандастарымыздан сұраныс түседі. Екіншіден, жұмысы қиын болмасыншы, жақсы ақша тапқым келеді» деген топ тағы бар. Егер тіл білсе, ондай жастарды үлкенірек компанияларға орналастыруға тырысамыз. Немесе IT, маркетинг саласынан жұмыс тауып алады. Ал негізінен көпішілігі қоймалар мен зауыттарға қара жұмысшы ретінде орналасып жатыр. Ашығын айтқанда, тіл білімі, мамандығы болмаса, айқын мақсаты болмаса ол кісілерді қоймалардан басқа ешқайда жұмысқа алмайды», – дейді рекрутер. Осы тұста рекрутер Еуропада шетелдік еңбек мигранттарына еңбекақы өз азаматтарымен тең деңгейде төленетінін атап өтті.
«Шетелде жұмыс тауып беремін дейтін компаниялардың әсірелеп, жалақыны көтеріп айтуының кесірінен отандастарымыз жоғары жалақыдан үміттеніп қалады. Мысалы Польшада орташа жалақы 400 мың теңге, электрик, сантехник сияқты қарапайым мамандар шынымен жақсы таба алады. Бірақ әлгі компаниялар адамдарды қызықтыру үшін Польшада 1 млн теңге табасыз деп жарнама жасайды. Осы жағы ұнамайды. Немесе жасы 40-тан асқан әпкелеріміз жұмыс ұсынған компанияның келісімшартын дұрыс оқымайды, «мені тез жұмысқа жібер» деп, өздері калай алаяқтың қармағына түсіп қалғанын білмей жатады. Сондықтан әркімнің айтқанына сеніп кете бермесе екен деймін. Егер Қазақстанда 400 мың теңге таба алатын болса, ол адамдар шетелге бармай-ақ қойсын», – дейді Ақмарал Зұпар. Рекрутердің айтуынша, қазір Еуропада ер адамдардың жұмыс күшіне сұраныс жоғары. Оның себебін маман Украинадағы жағдаймен байналыстырады.
«Украина Еуропада жүрген өз азаматтарын әскер қатарына шақырып алғандықтан қазір онда ер адамдардың жұмыс күші жетіспейді. Франция, Германияда жұмыс көп. Ал ең қолайлысы Польша дер ем. Себебі, виза алу оңай, бұл елде қашып-пыспай, ресми түрде жүруге болады», – дейді ол. Сондай-ақ Ақмарал Зұпардың сөзінше, Англия, Шотландияға жұмысқа барғысы келетін жастар көп.
«Ол жақта жаз кезінде бір-екі ай шынымен айлығы жоғары. Жұмыстың ешқайсысы оңай емес деп айтар ем. Жылыжайда, егістікте істеп жүріп Лондонға қашып келіп, құрылыс саласына жұмысқа кіргендер бар. Себебі 12 сағат еңкейіп жеміс теру оңай емес», – дейді ол. Сөз соңында Ақмарал Зұпар Еуропаға барып жұмыс істеп, дем арада байып кетемін деген ойда жүрген жастарға өз ақыл-кеңесін де айтты.
«Бірнеше жылда кішігірім кредитіңізді жабамын, үйге, машинаға ақша жинаймын десеңіз жақсы. Бірақ бара салып ешкім байып кетпейді, қиындықтары болуы мүмкін, пәтер қымбат, біреу алдап кетуі мүмкін. Егер мақсатыңыз айқын болып, соған жету жолында күні-түні тынбай жұмыс жасап, әрекет етсеңіз кез келген елде баюға болады. Бірден емес, оған тұрақтықтылық пен шыдам керек», – дейді қазақстандық.