Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты балағаттағаны үшін қылмыстық жазаның күші жойылуы мүмкін. Бұл ақпаратты Әділет министрлігі растады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
Депутаттар бастама жасаған заң жобасы шеңберінде Қылмыстық кодекстен 373 және 374-баптарды алып тастау жоспарланып отыр. Онда Тұңғыш Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне жария түрде қорлау және өзге де қолсұғушылық (сондай-ақ, оның бейнелерін қорлау, оның заңды қызметіне кедергі жасау), кепілдіктерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.