Қайырымдылық қанында бар қазақ халқы соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстарды тіпті үдете түсті. Қоғамымызда жекелеген қайырымды жандардың қолдауымен үйлі болған, еміне қаражат жиналған немесе мұқтаждығына қайырымдылық арқылы қолы жеткен азаматтар көбейе түсті. Өз кезегінде мемлекет тарапынан да түрлі жұмыстар қолға алынып онлайн садақа беру жолдары жетілдіріліп, елімізде еріктілер жылының жариялануы, қайырымдылық туралы заң жобасы қолға алынып, еріктілер санының еселеп өсуі, қайырымдылық жасағысы келетіндердің санының өсуіне де ықпал етті. Әрине мұндай жағдайда оларды ынталандырып, қоғам тарапынан қолдап та отыру қажет. Осыны мақсат еткен ұлт жанашыры Динара Бердімұрат өткен аптада бір топ қайырымды азаматтарды «Алтын жүрек» номинациясымен марапаттады.
Марапатталғандардың барлығы қалтасы қалың болмаса да қайырымдылық жасауды мақсат еткен қарапайым жандар. Сол мақсаттарының арқасында көп болып бірігіп, тамшыдан құралған теңіздей мейірімінің арқасында талай мұқтаждың кәдесіне жарап отыр.
«Алтын жүрек» шарасын ұйымдастырушы Динара Бердімұрат ханым: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қайырымды азаматтардың тізімі жасалуы қажет екенін атап өткен болатын. «Сонымен қатар, бізге әлеуметтік бағытталған қызметті ынталандыру мен ынталандырудың нақты және тиімді құқықтық тетіктері қажет» деген еді. Осы бағытта «Алтын жүрек» шарасын ұйымдастырып қайырымды жандардың әрекеттері қоғамның қолдауына ие екенін, мына әлем мейірімді азаматтармен әдемі екенін сезіндіргім келді. Ұлтымызда қалыптасқан дәстүр бойынша көп адам қайырымды іс-әрекетін жасыруға тырысады. Жасырын қалайын деп жатады. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ олардың әрекетін басқаларға үлгі болуы керек. Дамыған елдерде қайырымдылық шаралары дұрыс жолға қойылған. Алаяқтар араласып кетуі немесе қайырымдылық ниеттерінің жолдан басқаға бұрылып кетуіне жол жоқ. Қазіргі таңда елімізде қолға алынған шаралардың арқасында мұндай келеңсіздіктер тыйыларына сенем. Мемлекет басшысы да «Менің тапсырмам бойынша қайырымдылық туралы жаңа заң дайындалуда, ол осы саладағы бар олқылықтарды жояды. Қайырымдылық және еріктілер ұйымдары оларға жұмыс жасау үшін қажетті жағдайларды, оның ішінде мемлекетпен және бизнеспен қамтамасыз ететін нақты құқықтық мәртебені алуы керек» деген болатын. Сондықтан менің бүгінгі өткізіп отырған шарам мемлекет басшысының осы ойын қолдау мақсатында қолға алынған еді» дейді.
Марапатталған жандар да еліміздің әр қиырынан жиналған. Яғни шара ұйымдастырушылары марапатқа лайық жандарды республика бойынша іздестірген.
Мәселен Тілеубайқызы РаушанҚызылорда қаласынан. «Ондасын и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы әрі құрылтайшысы. Қазіргі таңда 60 шақты әйел аналарды жұмыспен қамтып отыр. Тіпті біраз қыз-келіншектерді өз қаражатымен курстар оқытып аспаз, кондитер мамандықтарын алып беріп, жұмысқа қосып, олардың отбасылық мәселелерін де назарынан тыс қалдырмаған. Жыл сайын республикалық «Мектепке жол» шарасына да қолдау көрсетеді. Осындай істерге мұрындық болғаны үшін Қызылорда облысы әкімінен, Қалалық білім бөлімінен «Алғыс хатпен, Грамоталармен» марапатталған. Тағы бірі жыл сайын Балаларды қорғау күніне орай балалар үйіне қомақты қайырымдылық шараларын жасауды әдетке айналдырса, тағы бірі жалғыз басты аналарды қолдап, үнемі оларды үйлі, кәсіпті етуге тырысып жүрген адамдар. Дәл осындай жүз шақты азаматты «Алтын жүрекке» лайық көрген шарада «Аманат» партиясының өкілдері келіп марапаттарын өз қолдарымен тапсырды.
Осы орайда Динара Бердімұрат«Негізі елімізде қайырымды жандар көп. Олар кейде көмектерін нақты қайда бағыттарын білмей жатады. Бірнеше рет балалар үйіне немесе ДЦП-мен ауыратын балаларға арнап шаралар ұйымдастыру кезінде осыны тсүіндім. Сондықтан қайырымдылық істерінің жүйеленгені, қайырымдылықтың нағыз мұқтаж жанды тауып барғаны маңызды. Алдағы уақытта қайырымдылық бағытындағы істерді көбейтіп, меценаттарды ынталандырып отыру шараларын жалғастыра беруіміз керек. Өйткені қайырымдылық жүректерді жұмсартады, қоғамымызды қайырымды ете түседі» дейді.
Еркенұр Қонысбай