Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-0 C
Nur-Sultan
4 C
Almaty
16.3 C
Shymkent

«Мәсімов, Сатыбалды, Мұхамедиұлы». Биыл қандай атышулы істерге нүкте қойылды?

Танымал

Ел аузында

Биыл ел алдында жүрген, қылмыстық іс қозғалып, күдікке ілінген танымал адамдардың ісіне қатысты нүкте қойылды. Massaget.kz тілшісі биылғы атышулы істерге шолу жасады.   

LRT ісі

Биыл 3 мамырда LRT құрылысы бойынша басты күдіктілер Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сот үкімі шықты. Істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот Қанат Сұлтанбековті ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы өзгеріс енгізілген 235-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп танып, қылмыс жасағаны дәлелденбегені үшін ақтауға үкім шығарды. Қанат Сұлтанбеков ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, 189-бабы 2-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындады.

Ал Талғат Ардан ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы өзгеріс енгізілген 262-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп танылсын және оның қылмыс жасағаны дәлелденбегені үшін ақталсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша жасалған қылмыс үшін кінәлі деп танылсын және мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Талғат Ардан, Қанат Сұлтанбеков. Фото: alrt.kz, strategy2050.kz 

LRT ісі бойынша процесс 2020 жылғы күзде басталған. Күдіктілер 5,8 миллиард теңге сомасында ұрлық жасады деп айыпталған жеті адам болды. 

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Ардан Түркияда, ал Сұлтанбеков АҚШ-та екенін мәлімдеді. Оларға халықаралық іздеу «қызыл бюллетень» арқылы (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында – еск.) жарияланды, бірақ АҚШ заңы бойынша «қызыл бюллетень» болуы іздеу жарияланған адам көші-қон заңын бұзбаса, іздеушіні ұстауға негіз бола алмайды.

Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа сот үкімі биыл 28 сәуірде шықты. Жетісу облыстық соты мәліметінше, Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтіні белгілі болды.

Сот Күдебаев Полиция департаментінің бастығы және сол кезде облыс коменданты бола тұра 2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 17.00-де жедел жағдай күрделі екенін ескере отырып, қажет болған жағдайда атыс қаруын қолдана отырып, ғимаратқа шабуылды тойтаруды, мүлікті қорғауды көздейтін департамент ғимаратын қорғау жөніндегі «КАМАЛ» арнайы жедел жоспарын енгізгенін анықтады. 

Алайда сағат 18.20-да Күдебаев жеке құрамға қорғаныс шараларын қолданбауға, департамент ғимаратынан кетуге және тұрғылықты жеріне тарауға бұйрық берген (яғни олай беруге құқығы жоқ бұйрық берді), өзіне сеніп тапсырылған учаскеден қызметтік автокөлікпен кетті. Нәтижесінде шабуылшылар ғимаратқа еркін кіріп, жауынгерлік қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденді, бұл ауыр зардапқа әкеп соққан. 

Кәрім Мәсімов – 18 жыл бас бостандығынан айырылды

24 сәуірде сот Кәрім Мәсімовке қатысты үкім шығарды. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Сот істі «Аса құпия» деген белгімен қарады.

Сот процесі. Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді.

Кәрім Мәсімов бұған қоса, генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды. 

Биыл екі қазақстандық журналист істіболды. Соның бірі 83 мыңға жуық оқырманы бар Kozachkov offside Telegram-арнасының басшысы, журналист Михаил Козачков. 27 науызда Алматының әскери соты журналист Михаил Козачковқа қатысты үкім шығарды. Сот шешімімен Козачков 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Михаил Козачков. Фото: әлеуметтік желіден

Козачков 2022 жылғы 18 желтоқсанда ұсталған еді. Ол Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдікке ілінген.

Бұл іске қатысты Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай да пікір білдірген. Ол бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін айтты.

Гүлмира Сатыбалды ісі

4 мамырда Астанада кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға үкім шығарылды. Ол кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды.

Гүлмира Сатыбалды аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Былтыр 18 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша соталды тергеуді бастағаны туралы мәлімдеді. Кейінірек Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. 

Қайрат Боранбаев ісі 

31 наурызда кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды. 2022 жылы 26 желтоқсанда Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері Қайрат Боранбаев ісінің жай-жапсарын айтқан болатын.

Қайрат Боранбаев. Фото: «Қайрат» ФК

Ведомство мәліметінше, «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов және Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру деректері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ұлттық компанияға келтірілген залал Qazaq Gaz АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді. 

Алматы облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова сотталды

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, 21 ақпан 2023 жылы аса ірі мөлшерде пара алу, пара беру және алаяқтық қылмыстыры бойынша сотқа берілген Алматы облыстық білім саласындағы төрт лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚР ҚК-нің 366-бабы, 4-бөлігі, 367-бабы 4-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы).

Сот шешімімен, жасалған қылмыстар үшін заңмен 10-нан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән жайларды – А. мен Н.-де жас балаларының барын ескерген.

Майгүл Омарова. Фото: gov.kz

ҚР ҚК-нің 54-бабына сай қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән жайларға сот О. мен А.-ның кәсіби антын бұзғандарын жатқызды. Сот үкімімен О. мен А. ҚК-нің 366-б. 4-б. кінәлі деп танылды, оларға осы баппен мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

М. және Н. ҚК-нің 367- б. 4- б, 190- б. 4- б. 2-т. кінәлі деп осы баптармен оларға түпкілікті мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Махамбет Әбжан 

3 ақпанда журналист, блогер Махамбет Әбжан Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру туралды үкім шығарылды. 

Сот үкімі бойынша Махамбет Әбжан ҚР ҚК 274-бабының 3-бөлігі; 193-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұстаудың бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады.

Махамбет Әбжан. Фото:t.me/abzhannews

2022 жылдың 3 шілдесінде елордалық Astana Tower бизнес орталығы алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деген күдікпен журналист Махамбет Әбжан ұсталғанын мәлімдеді. Журналиске қатысты ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша «аса ірі мөлшерде бопсалау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Экс-министр, Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлімінде, 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағында көзделген қасақана қылмыстық құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды. Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. 

Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған еді. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған болатын. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әлем мұражайлары бойынша «Алтын адам» шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады. 

Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.

Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды. Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлын тоғыз жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Алматы прошли семинары для студентов по вопросам безопасности

В рамках программы повышения осведомленности и подготовки к противодействию экстремизма, в ВУЗах города Алматы прошли гостевые семинары, посвященные актуальным...