Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» ретінде аталып өтеді. Ал жыл сайын 126 мыңнан астам азамат отбасын құрады. Әрбір адам өміріндегі ең ерекше сәтті барынша мазмұнды, мәнді өткізуге ұмтылады. Бақытты жұп атану үшін халқымыздың шаңырақ көтеруге байланысты жоралғыларын жасап жатады. Оның ішінде неке қию-мұсылмандықтың басты шарттарының бірі, ал оны игілікті істердің бастауы саналатын «Отбасы күнінде» өткізу қайталанбас әсер сыйлайды.
Ордабасы аудандық полиция бөлімі Көші-қон қызметінің инспекторы Арман Әбен Азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне бір ай бұрын некеге тұруға өтініш білдірген.
Мереке қарсаңында шаңырақ көтерген полиция аға лейтенанты Арман Ералханұлы мен жұбайы Әлия Ғаппарға неке қию куәлігін АХАТ бөлімі басшысы Г.Еспанова салтанатты түрде тапсырды.
Неке қию рәсімінде жас жұбайларға отбасы құндылықтары түсіндіріліп, іргесі берік, жарасымды отбасы қалыптастыру жайы насихатталды. Сондай-ақ Ордабасы ауданының полиция бөлімі бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары Мерей Сатбаев жас жұбайлардың шаңырақтарына шаттық, отбасылық бақыт тілесе, әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ж.Муратбекова жас жұбайларға «Бақытты отбасының жөнсілтері» кітабын табыстады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі