Бұл туралы қоғамдық тыңдау барысында белгілі болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғамдық тыңдау барысында «Алматы жылу желілері» ЖШС коммерциялық директоры Эльмира Байчигасова табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне жылу энергиясын өндіруші кәсіпорындардан тұтынушыларға беру тарифін өзгерту мәселесін қарау туралы өтініш бергендерін айтты.
Өтініш беруге 2017 жылдан бастап енгізілген тарифтік лимиттер мерзімінің бітуі себеп болып отыр. Тағы бірі, өндірушілерден сатып алынатын жылу тарифінің көтерілуіне сәйкес «Нормативтік техникалық жоғалтулар» бабы бойынша шығындардың өсуі сеп болды «Өтінім нақты шығындар бойынша берілді. Салықтар, көлік шығындары, жалақы, сақтандыру, мемлекеттік қызметтер, еңбекті қорғау, іссапар шығындары, байланыс қызметтері, кеңес беру және аудит қызметтері бойынша», – деді компания өкілі.
Сонымен қатар, ол ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті шешім қабылдағанға дейін жылу тарифы көтерілмейтінін атап өтті. Шешім шығарушы комитеттің қорытындысы 30 күнтізбелік күннен кейін белгілі болады.