АИ-92 бағасы орта есеппен алғанда 178 теңгеге дейін өсті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.
2021 жылғы күзде елде дизель мәселесі шиеленісті. Автокөлік жүргізушілері дизель тапшылығына ғана емес, бағаның едәуір өсуіне де шағымданды.
Басылым мәліметінше, күзге қарай барлық ірі жанармай құю бекеті дизель бағасын литріне 230 теңгеге дейін көтерді. Бұл ретте қысқы жанармайды сату бағасы – 370 теңге. Бұл Royal Petrol және Petrol Asia жанармай құю бекеттерінде есептелген сома.
Бензин бағасына келетін болсақ, кейінгі айларда жағдай біршама тұрақталды. Kolesa.kz мәліметінше, АИ-92 бағасы ұзақ уақыт бойы 168-175 теңге аралығында болған. АИ-92 бензиніне ең қымбат бағаны «Газпром» желісі ұсынған.
Алайда қазанның ортасынан бастап бензин бағасы да айтарлықтай өсе бастады.
«Мысалы, Helios жанармай құю бекеттерінде АИ-92 бағасы 20 қазан мен 1 қараша аралығында үш рет өзгерген – алдымен 173 теңгеден 174 теңгеге, содан кейін 177-ден 178 теңгеге», – деп нақтылады басылым.
Басылым мәліметіне сүйенсек, бүгінде ірі жанармай құю бекетінің көпшілігі АИ-92 литрін 178 теңгеден сатады. Жалғыз ерекшелік – «Газпромда», мұнда 1 литр бензин бағасы 179 теңге. АИ-95-те қымбаттағаны айтылды – оның құны 205 пен 214 теңге аралығында.