Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-5 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
6.3 C
Shymkent

Мамандар оқушының психологке қандай жағдайларда шақырылатынын айтты

Балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алу үшін әр мектепте психолог жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – білім алушыға барынша қолдау беру, проблемаларын шешуге тырысу.

Танымал

Ел аузында

Алайда, сарапшылардың айтуынша, бүгінде мектеп психологі тапшы. 2 мың оқушыға кейде бір ғана маманнан келеді екен. Қазақстандық психологтер өз сөздерінде, мектепте балалармен жұмыс жүргізуге арнайы уақыт бөлінбегенін алға тартады. Stan.kz тілшісі мамандармен сөйлесіп, олардың атқаратын міндеттері мен оқушылардың өздеріне әдетте қандай проблемалармен келетінін сұрады. 

Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде психологиялық қызметке ерекше көңіл бөлінуде, дейді Алматы қаласының «Bilim Foundation» өңірлік өкілдігінің жетекшісі, психолог маман Венера Коканова. Оның сөзінше, мектептегі психологтің қызметі өте дербес.

“Бұл қызметтің жеке мақсаттары мен міндеттері бар. Негізгі мақсат – білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және қолдау көрсету”, – дейді маман.

Айтуынша, мамандарға балалармен уақыт өткізуге арнайы уақыт бөлінбеген.

“Өкінішке қарай, мектеп психологтеріне балалармен жұмыс жүргізуге арнайы уақыт бөлінбеген. Психологиялық көмекке мұқтаж балаларды уақытылы анықтап, көмек бере алмауының да бір себебі осы. Бірақ педагог-психологтар бұл мәселеге қарамай, уақыт тауып, өз жұмыстарын адал және жоспарына сәйкес, мектеп оқушылармен бес бағыт бойынша: психодиагностикалық, консультациялық, профилактикалық, түзету-дамытушылық және ағартушылық жұмыстар жүргізеді”, – дейді Венера Коканова.

Қандай жағдайларда оқушы психологке шақырылады? 

Әдетте психолог оқушы мен оның отбасына қатысты барлық жағдайларда ата-анасына хабарласуға міндетті дейді маман.

“Мектеп психологі кәсіби бағдар беру мәселелеріне, отбасында, тұлғааралық қарым-қатынастарда, оқу процесіне қатысты  проблемаларды шешуге көмектеседі. Сондай-ақ ол балаға әлеуметтену кезеңдерінен ауыртпалықсыз өтуге және оқушының әлеуетін ашуға көмектеседі”, – дейді Коканова Венера. 

Алматы қаласының №28 лицейінің психологі Лариса Николаевна жаңа заманның балаларымен тіл табысу қиын емес екенін айтады. 30 жылдық тәжірибесіне сүйенетін маман әдетте психологтердің балалармен “бір толқында” болатынын жеткізді.

“Біз, психологтер, оқушылармен әрдайым бір толқында жүреміз. Қандай бағытты, көзқарасты ұстанбасын, білім алушыларды қабылдаймыз, көмек береміз. Балалар көбінесе құрдастары арасындағы проблемалар,  ата-анасымен қарым-қатынас, жігіт пен қыз арасындағы мәселелерін айтып келіп жатады. Педагогтермен түсініспеушілік бойынша сирек келеді”, – дейді мектеп қызметкері. 

Оқушылармен әңгімелесу қандай форматта өтеді? 

 Венера Коканова оқушымен әңгімелесу психологиялық тапсырмаға байланысты төмендегідей ерекшеленетінін айтады:

  • Терапиялық әңгіме;
  • Эксперименттік әңгіме (эксперименттік гипотезаларды тексеру мақсатында);
  • Өмірбаяндық әңгіме;
  • Сұхбат  (субъектінің жеке тұлғалары туралы ақпарат жинау);
  • Объективті (таныс тақырып туралы ақпарат жинау). 

Оқушымен болған әңгіме ата-анасына жете ме?

“Әңгіме жүргізілмес бұрын маман баланың ата-анасынан жазбаша түрде рұқсат немесе келісім хат алады. Ата-анасының келісімінсіз біз психологиялық көмек көрсете алмаймыз”, – дейді Венера Коканова.

Бұл мәселені министрлік деңгейінде көтеріліп жатқанын айтады.

“Жеткіншек айтқан ақпарат әрдайым ата-анасына жеткізіле бермейді. Тек бала рұқсат берген ақпарат қана айтылады. Алайда егер бала өзіне зиян тигізетіндай ақпарат болса, онда бұл оған түсіндіріледі де, құпиялылық сақталмайды”, – дейді Лариса Николаевна.

Мектеп психологтарына оқушылар қандай проблемамен келеді?

Әдетте балалар маған әңгімелесуге өз бетінше келеді, дейді Лариса Николаевна. 

“Бірақ кейде оларды педагог, әкімшілік алып келетін кездер болады. Оның мақсаты – әңгімелесу. Педагогтар көбіне оқушылардың тәртібіне қатысты шағымданады. Сонда психолог бұл жүріс-тұрыстың себебін анықтайды. Бұл оқиға немесе тәртіп ненің әсерінен пайда болды. Резонанс болмау үшін не істеуге болатыны анықталады. Оқушымен кездесу жеке дара түрде өтеді, себебі балалар барлығының құпияда сақталғанын қалайды. Кейде ата-аналары балаларымен бірге жүгінетін кездер де болады. Олармен бірге не бөлек әңгіме жүреді, осылайша мәселе айқындала түседі”, – дейді сарапшы.

 Венера Коканованың сөзінше, көбінесе оқушылар мұғалімдер тарапынан қысым болып жатса немесе оқу процесіндегі қиындықтарға тап болса, сыныптастар арасында буллинг, отбасындағы ата аналарымен және бауырлары арасында түсінбеушілік болып жатса, жалғыздық сезімімен, жауапсыз махаббат т.с. мәселелермен кеңес алуға келеді. 

“Көбінесе тестілеу мен зерттеулердің арқасында психолог бүкіл сыныпта да, әлі нақты көрінбейтін, бірақ қауіпке айналуы мүмкін проблемаларды да, аса қадағалауда ұстауы тиіс оқушыларды да анықтайды. Бұл жағдайда маман топтық және жеке түзету сабақтарын жүргізеді. Мысалы, егер сыныпта қорлаудың «белгілері» табылса, онда психолог жәбірленуші мен оған тиіскендерді анықтап, қудалауға қатысқандардың барлығымен сөйлесіп, сыныптастарының бір-біріне деген қарым-қатынасының себептерін түсініп, топты біріктіруге бағытталған бірқатар топтық іс-шаралар өткізеді”, – дейді маман.

Лариса Николаевна барлық оқушыға арнап консультациялар, тренингтер өтеді дейді. Оның сөзінше, егер ата-ана балаға тиісті көңіл бөлсе, көп проблеманың алдын алуға болады. 

“Тренинг, консультация, жоспар бойынша сабақтар сынып жетекші немесе әкімшіліктің сұранысы бойынша  бүкіл сыныпқа өткізіледі. Мысалы, интернетке тәуелділік, буллинг, стресс, психикалық денсаулық туралы, бейімделу процесі және т.б мәселе бойынша.

Өз баласының тілін табу үшін ата-ана онымен сөйлесу керек. Әрдайым ашық сөйлесу қажет. Сол кезде бала өзін түсінетінін, құрметтейтінін түсінеді. Проблема да болмайды”, – дейді мектеп қызметкері.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...