Тәуелсіздік алған жылдардан бері сот саласында көптеген реформалар жасалды. Олардың әрқайсысы саланы дамытуға, азаматтардың құқығын жақсартуға, әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етті. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру сот өндірісін одан əрі демократияландыру мен соттарды қандай да бір қысымнан жəне олардың қызметіне араласудан қорғауды көздейді. Сот жүйесінің қызметі Конституциямен, Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заңмен айқындалған.
Қазақстанның сот жүйесі істерді қарау процесінің тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз ететін бірқатар принциптерге негізделіп, олар Ата Заңмен бекітілген. Елімізде сот төрелігін тек соттар жүзеге асырады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.
Конституцияның 77-бабына сай, заңды күшіне енген сот үкімімен танылмайынша адам кінәлі болып саналмайды. Яғни, кінәсіздік презумпциясы Қазақстандағы сот жүйесінің негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Әрбір қазақстандықтың әділ сот талқылауына құқығы бар, сондай-ақ, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды. Бұған қоса заңмен көзделген соттылығын азаматтың өзініңкелісімінсіз ешкімнің де өзгертуге құқы жоқ. Сотта әркімнің өз сөзін тыңдата алатыны және айыпталушының өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес екені де осы баппен айқындалған.
Азаматтық сот ісін жүргізуде зандылық, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, жеке өмірге, меншікке қол сұғылмаушылық, судьялардың тәуелсіздігі, сондай-ақ, барлық адамның заң мен сот алдындағы тендігі сынды заңмен көзделген қағидаттар қатаң сақталады. Қазіргі таңда сот жүйесінде жаңа технологиялардың ең озық түрлері қолданылады. Олардың көмегімен жүйе жұмысының ашықтығы мен жеделдігі, жариялығы артты. Бұлар өз кезегінде жұртшылықтың сотқа қолжетімділігін толықтай қамтамасыз етті.
Мәселен, сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталған. Нәтижесінде барлық сот отырысы дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі. Жаңа технологиялар азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, олардың арыз-шағымындарын «Сот кабинеті» арқылы беруге жол ашты. Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект енгізу шаралары қарқынды қолға алынуда. Онлайн сот отырыстарының халықтың құқықтық сауатын көтеруде маңызы зор. Дауларды сотқа жеткізбей шешудің баламалы тәсілдерін ендіруде соттар тарапынан ауқымды шаралар атқарылуда. Келер жылы кассациялық соттың жұмысы басталатынын да айтып өткен жөн. Жүйедегі мұндай реформалар, ең алдымен, халықтың соттарға деген сенімін арттыруға бағытталған. Сондықтан, жаңа кадрларды іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру, т.б. жұмыстар нәтижелі іске асырылуда.
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының судьясы Утеубаев Канат Талғатбекович