Бұл нысан — «Асқақ рух – Еркін ел» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асқан «Үлгілі ауылға – үлгілі алаң!» әлеуметтік жобасының нәтижесі. 3 мыңнан астам тұрғыны бар Үлгілі ауылында балалар үшін арнайы, қауіпсіз әрі мазмұнды орта ұсынатын алғашқы алаң дәл осы жобаның аясында бой көтерді. Жоба «Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылы тұрғындарының азаматтық бастамаларын қолдау» бағытына негізделген.
Ашылу салтанатында аудан басшылығы, облыстық және аудандық ұйым өкілдері, ардагерлер, аналар алқасы, мәслихат депутаттары, жастар мен ауыл тұрғындары бас қосты.
Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев құттықтау сөзінде: «Қуанса — бала қуансын. Бүгінгі қуаныш — ертеңгі ұрпаққа жасалған үлкен қолдау», — деп тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын жоғары бағалады.
Облыс әкімінің кеңесшісі Исламбек Дастан жобаның басталуынан нәтижесіне дейінгі жолын айтып: «Бұл алаң — азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. 4,5 млн теңгеге алынған жабдықтарды орнату жұмыстарын ауыл тұрғындары өз мойнына алды. Сондықтан бұл алаң — өз қолымен салған өз кеңістігі», — деді.
Жаңадан салынған ойын алаңы барлық талапқа сай: сырғанақтар, әткеншектер, ойын кешендері, карусельдер, құмсалғыш және қауіпсіздік жабындысы бар. Аумағы толық қоршалып, демалатын орындар жасалған.
Алаңға келген қонақтарды ауылдың ақжаулықты аналары шашу шашып қарсы алып, шараға ұлттық реңк пен мейірім сыйлады. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары алғыс айтып, бұл нысанның ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Алаң ресми түрде ауыл әкімдігінің балансына тапсырылды. Енді оның қауіпсіздігі мен күтімі жергілікті әкімдіктің бақылауында болады. Бұл — Мемлекет басшысының балаларға бағытталған жан-жақты қолдау саясатының ауылдық деңгейдегі тағы бір нақты нәтижесі.
Грант операторы: «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ
Ұйымдастырушысы: «Асқақ рух – Еркін ел» ҚБ