Қазір медиа жай ақпарат тарататын құрал емес, ұлттың санасын қалыптастыратын күшке айналды. Ал бала санасы – ең әлсіз, ең қорғансыз алаң. Дәл осы кезеңде «Turkistan» медиа холдингі батыл қадам жасап, толық метражды анимациялық фильм – «Түркістан сақшыларын» атты көрерменге ұсынғалы отыр. Осы ретте біз биыл ашылғанына бес жыл болған жас, бірақ жас та болса, осы уақыт аралығында бір емес, екі мәрте «Тұмар» телевизиялық сыйлығын алып үлгірген «Turkistan» медиа холдингінің Бас директоры Уәли Қыдырмен сұхбаттасуды жөн көрдік.
МУЛЬТФИЛЬМ ЕМЕС, ҰЛТ МӘСЕЛЕСІ
– Уәли мырза, ашығын айтайық: бүгінгі медиа нарықта мультфильм жасау – табыс әкелмейтін, тәуекелі көп қадам. Сонда «Түркістан сақшыларын» дүниеге әкелу не үшін қажет болды?
– Егерде біз барлық дүниені тек табыспен ғана өлшейтін болсақ, кейбір жоспарларымыз қаржылық пайда әкелмесі анық. Алайда оның елге қажет екінші жағы бар екенін де ұмытпауымыз керек. Идеология мен ұлттық тәрбие тұрғысынан. Ол – ақшаға сатылмайтын, яғни, сатып ала алмайтын және уақыт өткен сайын уыстан сырғып бара жатқан өте қымбат құндылық. Яғни, біздің алдымызда табыс емес, таңдау мәселесі тұрды. Қазір балалардың санасын кім тәрбиелеп жатыр деген сұраққа жауап беруіміз керек болды. Біз сол кеңістікті бос қалдырмауды таңдадық.

– Кейбіреулер «аймақтық арнаға толық метражды анимация түсірудің не керегі бар?» деуі мүмкін. Бұған не дейсіз?
– «Turkistan»телеарнасының аясын аймақтық деп тарылтуға мен келіспеймін, біз қазір республикаға тарап жатырмыз. Екіншіден, ұлттық мәселе географияға бөлінбейді. Алтай мен Атыраудың арасында жатқан алаш жұртына керек дүниені Түркістан да, Қызылорда да, Маңғыстау да, Семей де бәрі бере алуы керек. Егер біз тек шағын форматпен шектелсек, онда өзімізге өзіміз шектеу қоямыз.
– Бұл жобаны жасауға қанша уақыт, қанша адам, қанша ресурс жұмсалды? Қысқасы, бұл – арна үшін ауыр жүк болған жоқ па?
– Ауыр болды демесем де, оп-оңай болған жоқ. Қанша дегенмен, жаңа тәжірибе, тың дүние. Бірақ біз оны тап қазір үйренбесек, қазір көтермесек, өспейміз. Себебі жасанды интеллект жыл емес, ай емес, күн санап дамып келеді. Біздің өмірімізге етене етіп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауында, мақаласында, берген сұхбатында ЖИ-ді меңгеру мәселесінің күн тәртібінде тұрғанын айтып жүр, тапсырып жүр. ЖИ біздің өмірімізге сұрамай-ақ еніп алды. Күні кеше ғана оның не екенін білмейтіндер қазір ChatGPT -дің құлағында ойнайды десек, артық айтпаған болар едік. Ол – бір жағы біздің жүгімізді жеңілдететін заманға сай құрал. Одан да басқа ЖИ-дің қанша бағдарламалары шығып жатыр. Біз соны өз мақсатымызға сай пайдаланып, қажет дүние жасағымыз келді. Шыны керек, бұл жоба бізді жаңа деңгейге шығарды. Команда тәуекелге барды, жаңа технологияларды меңгерді. Бұл – тәжірибе ғана емес, медиа ретінде есейгеніміздің белгісі.

БАЛАНЫҢ САНАСЫ – МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН
– Қазір енді ғана туған баланың өзі қолына ұялы телефонды еркін ұстап, 2-3 жасқа келгенде оның ішінен өзіне ұнайтын дүниені таңдап, тауып алып көре алады. Қолы бос емес, жұмысы қауырт ата-анаға бұл көмек болды. Бірақ қауіпті тұсын көп елей бермейміз. Баласын бақылай алмай, тізгіннен айрылып барады. Осыны ақпараттық соғыс деуге бола ма?
– Әрине, соғыс. Бұл – мылтықсыз майдан. Оның жауынгерлері – әр үйде өсіп-жетіліп келе жатқан жас ұрпақ. Өкінішке орай, бұл майданға жеңілген ұлт дәл қазір емес, бір ұрпақтан кейін бір-ақ сезіледі. Біз әлі де болса, оның беткі қабатын, яғни, алғашқы белгілерін ғана көріп отырмыз.
– Яғни, алғашқы белгі деп отырғаныңыз, YouTube көріп, ондағы шетелдік контентке қарай қалыптасып келе жатқан баланың тілін ғана емес, мінезінің де өзгертіп бара жатқанын тұспалдап отырсыз ба?
– Дөп түстіңіз. Себебі контент жай нәрсе емес – ол мінез қалыптастырушы құрал. Бала неге рахаттана күледі, кімге еліктейді, қандай ойын ойнайды – ертең өскенде сол болады. Неше түрлі ойындар бар қазір ұялы телефонда, соғыс, т.б. Ар жағынан оларды белгісіз біреулер басқарып отырғанын сезесің өзің, егер біраз бақылап отырсаң ойынды. Көріп, біліп, естіп те жүрміз, балалардың ашушаң боп кеткені жайлы, тіпті ұялы телефонды алып қойған ата-анасына қол көтерген балалар жайлы. Қала берді, цифрлық аутизм деген белгісіз синдром пайда болды. Сондықтан бұл жай қарай салатын нәрсе емес, бұл – идеологиялық мәселе. Бұл – ұрпақтың, ұлттың саулығына тікелей қатысты мәселе. Бұл – ұялы телефон/әлеуметтік желі/ арқылы ұрпағымыз ұлттық танымнан, ұлттық мінезден алыстап, жат тілде сөйлеп, жат мінез жұқтырып, белгісіз бағытқа бет алды деген сөз. Міне, біз сол үшін барымызды салып, теңіздің тамшысындай болса да осы кішкентай көрерменнің бетін бері бұруға ықпал етуге, үлес қосуға тырыстық. Және бұл біздің жұмысымыздың басы ғана.

– Қазір мемлекет, медиа, ата-ана – үшеуінің ішінде негізгі жауапкершілік кімде?
– Барлығында. Қазір ғана емес, жалпы қашанда солай. Бірақ осының ішінде шыр-пыр болып, бір нәрсе істеуге тырысып жатқаны ақпарат құралдары секілді. Себебі ата-анада уақыт жоқ, таңнан кешке дейін жұмыста, ұстаздар мен тәрбиешілер 24 сағат бойы баланы бақылай алмайды. Ал енді осындай мәселе барын айтпай, медиа үнсіз қалса, қалған екеуінің де еңбегі зая кетуі мүмкін. Сондықтан біз арқалаған жүк жеңіл емес.
«TURKISTAN» АРНАСЫНА – БЕС ЖЫЛ
– Бес жылда «Turkistan» арнасы шын мәнінде өңірдің үні бола алды ма? Әлде әлі де айта алмай жүрген тақырыптар бар ма?
– Бұл сұрақты менен гөрі көзіқарақты көрерменге қойған дұрыс секілді. Дегенмен, осы бес жылдық қарсаңында телеарна тізгінін ұстап отырған басшы ретінде, біз айта алмай жүрген тақырып жоқ дер едім. Бірақ айтуға жүрексінетін сәттер болған. Соған қарамастан біз шындықтан қашпадық. Бардық, мәселені көзімізбен көріп, мәнісін зерттеп, беріп жүрміз. Ол қай жанрда, мейлі жаңалық, мейлі репортаж, мейлі сараптамалық дүние, мейлі портреттік дүниелер болсын, әр нәрсені өз жанрында беріп жүрміз. Мемлекеттің «Таза Қазақстан», «Еңбек адамы» секілді стратегиялық бағдарламаларын да қолдауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Қала берді ел көретін, танымдық, тарихи, ақпараттық, деректі дүниелер де жасап жүрміз. Жасанды интеллектпен бір ғана «Түркістан сақшылары» ғана емес, бірнеше бағдарлама жасап, тіпті ЖИ жүргізушілеріміз де бар. Біз ең алғашқылардың бірі боп ақпарат арнасына ЖИ жүргізуші шығарған арна екенімізді мақтанышпен айта аламын.
– Аймақтық арналар көбіне «сақ» келеді деген сын айтылады. Бұл сынның сіздерге де қатысы бар ма?
– Егер медиа тым сақ болса, демек, ол қоғамды қорғайды. Біз бұл тепе-теңдікті сақтауға тырыстық. «Шындықты айтпайсыңдар ма» деп сынаушылар шығып жатады. Бірақ шындық дегеннің өзі де субьективті нәрсе. Біреулер шындық деп тек сынауды айтады. «Қирап қалды, өйтіп қалды, бүйтіп қалды» деген нәрселерді. Қоғам тек ондай «шындықтан» тұрмайды ғой? Жасалып жатқан дүниелер де бар ғой. Түркістанның өзі – көз алдымызда гүлдеп, жайнап, өсіп келе жатқан көне де жаңа шаһар. Біз осы шаһардың облыс орталығы деген мәртебе алған кезінен бастап, тарихи сәтте құрылған телеарнамыз. Біз осы қаламен бірге қалыптасып, жаңа ғимараттарымен бірге биіктеп, бірге тыныстап, осында қоныс аударған жаңа тұрғындарымен біте қайнасып, оны басқарып отырған басшылық пен халықтың ортасында алтын көпір болып отырмыз. Күн сайын тікелей эфир арқылы жаңалығын бөлісіп, мамандарын эфирге шығарып, сұрақтарға жауап алып, аудандарын аралап, кейіпкерлерін іздеп, шығарып, біздің жұмысымыз – осы.
– Телеарна ашылғалы бері бір емес, екі рет «Тұмар» телевизиялық сыйлығын алдыңыздар. Екі мәрте «Тұмар» алу – жетістік. Бірақ бұл арнаны еркелетіп жібермей ме?
– Керісінше, бұл – бізге артылған жауапкершіліктің күшеюі. Бізге ол жасаған еңбегіміздің сапалы, халыққа ұнамды болғаны, жаңалық әкелгені үні берілді. Демек, көрермен бізден одан да жақсы дүние көргісі келеді деген сөз. Біз соны бере алуымыз керек. Біз бұрын «Тұмар» алғанша жаңа, жас арна ретінде кейде сүрініп, кейде асқақтап кетсек, кешіріммен қарай алса, енді олай ете алмайды. Демек, енді біздің қателесуге хақымыз жоқ. Біз не үшін «Түркістан сақшыларын» анимациялық хикая күйінде қалдырмадық? Өйткені біз олай етсек, тоқмейілсіп, өспей қалып қоятынымызды білдік. Сөйттік те, әрі қарай жетілдіруге, әрі қарай кеңейтуге кірістік. Енді осыны «еркелік» дей аласыз ба? Ақпарат майданында жүрген тілшілерміз бен операторларымыздың бірі келіп, бірі кетіп, монтаж үстеліне талас жүріп жатқанын, эфир алаңында, студияда тоқтаусыз хабар жүріп жатқанын көрер едіңіз.
– Егер «Түркістан сақшылары» секілді жобалар көбеймесе, бізді қандай болашақ күтіп тұр?
– Онда болашақты біз өзіміз емес, өзге біреулер жасап береді. Ал ол болашақ бізге ұнай ма, ұнамай ма – бұл үлкен сұрақ.
Түйін: «Түркістан сақшылары» – бір мультфильмнің атауы ғана емес, бүгінгі қазақ медиасының алдына қойылған сұрақ. Біз баланың ақ парақ секілді тап-таза санасына өзіміз дән сеуіп жатырмыз ба, әлде оны бөтен біреулерге беріп қойдық па деген сұрақ. Сұхбатта нақты бір жобаның емес, тұтас бір ұрпақтың тағдыры таразыға түсті. Ал таңдау жасау – дәл қазір, дәл осы буынның мойнындағы жауапкершілік.
