Психикалық денсаулық саласы: жаңа мүмкіндіктер мен заманауи тәсілдер

Танымал

Ел аузында

Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Алимбек Тәжеков өңірдегі қызметтің дамуы мен болашақ жоспарлар туралы әңгімелейді.

— Әлімбек Мұхтарұлы, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Денсаулық сақтау саласына қалай келдіңіз?
— Менің медицина саласындағы еңбек жолым жиырма жылдан астам уақыт бұрын басталды. Алғашқы мамандығым – дәрігер. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдадым. Кейіннен «Қаржы» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алып, медицина саласының бірнеше бағыты мен денсаулық сақтауды басқару бойынша кәсіби қайта даярлаудан өттім. Осындай жан-жақты тәжірибе денсаулық сақтау жүйесіне тек клиникалық тұрғыдан ғана емес, тиімді басқару тұрғысынан да қарауға мүмкіндік береді.
Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры болып тағайындалғанға дейін денсаулық сақтау саласында түрлі басшылық қызметтер атқардым. Атап айтқанда, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары және Алматы облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорының орынбасары қызметтерінде еңбек еттім.
— Орталыққа қандай міндеттермен келдіңіз?
— Қызметке кіріскен кезде ұжым алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрды. Атап айтқанда, құқық белгілейтін құжаттарды заң талаптарына сәйкестендіру, жекелеген нысандардың лицензиялау мәселелерін шешу, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар алу, ресурстарды тиімді пайдалану және мекеме қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет болды.
Біздің басты мақсатымыз тек бұрыннан қордаланған мәселелерді шешу ғана емес, Алматы облысының тұрғындарына психиатриялық және наркологиялық көмекті көрсетудің заманауи әрі тұрақты жүйесін қалыптастыру болды.
— Бүгінде Орталық қандай жетістіктерімен мақтана алады?
— Қысқа уақыт ішінде бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға қол жеткіздік.
Ең алдымен, Орталық Ұлттық аккредиттеуден сәтті өтіп, I санатқа ие болды. Бұл көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен ұлттық стандарттарға сәйкестігінің жоғары деңгейде екенін айқындайды.
2026 жылдың наурыз айында халықаралық Good Pharmacy Practice (GPP) талаптарына сәйкестік сертификатын алдық. Бұл дәрілік қамтамасыз ету сапасын басқару жүйесінің тиімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар мекеме қызметін оңтайландыруға ерекше назар аударылды. Төсек қорын тиімді ұйымдастыру нәтижесінде бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, медициналық көмектің қолжетімділігін сақтай отырып, қызмет тиімділігін арттыра алдық.
Сондай-ақ құқықтық құжаттарды рәсімдеу, лицензиялар мен қажетті рұқсат құжаттарын алу бағытында ауқымды жұмыстар аяқталды.
— Бүгінде амбулаториялық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
— Біздің ұстанымымыз бойынша, заманауи психиатриялық көмек халыққа мүмкіндігінше жақын болуы тиіс.
Осыған байланысты басым бағыттардың бірі ретінде амбулаториялық қызметті дамыту қолға алынды. Есепті кезеңде Қонаев және Қаскелең қалаларында Психикалық денсаулық орталықтары ашылды.
Бұл облыс тұрғындары үшін консультациялық, психотерапиялық, профилактикалық және оңалту көмегінің қолжетімділігін едәуір арттырды.
— Профилактикалық жұмыстың маңызы қандай?
— Қазіргі таңда психикалық денсаулық мәселесін тек медициналық тұрғыдан ғана қарастыру жеткіліксіз.
Біз білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Бірлескен жұмыстар кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алуға, халықтың психикалық денсаулығын нығайтуға және қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған.
Сонымен қатар пациенттердің әлеуметтік және кәсіби оңалту жүйесі дамытылып, телемедицина технологиялары мен заманауи цифрлық мониторинг құралдары енгізілуде.
— Басшы ретінде жұмысыңыздағы басты қағидат қандай?
— Басшының басты міндеті – ұжымның тиімді еңбек етуіне және кәсіби тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай жасау.
Мен үшін ашықтық, жауапкершілік, тәртіп және жұмыс үдерістерін үздіксіз жетілдіру маңызды. Кез келген жетістік – бірлескен командалық жұмыстың нәтижесі.
Орталық ұжымына кәсібилігі, бастамашылдығы және өз ісіне деген адалдығы үшін зор алғысымды білдіремін. Дәл осы ұйымшыл еңбектің арқасында біз ауқымды жобаларды жүзеге асырып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудамыз.
— Алдағы уақытта Орталықтың алдында қандай міндеттер тұр?
— Алдағы кезеңде психикалық денсаулық орталықтарының желісін одан әрі кеңейтуді, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуді, цифрландыру жұмыстарын жалғастыруды, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды және сапа менеджменті жүйесін жетілдіруді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар психикалық аурулардың алдын алу, кадрлық әлеуетті нығайту және халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу бағыттарына ерекше көңіл бөлінетін болады.
Біздің басты мақсатымыз өзгермейді – Алматы облысының тұрғындарын сапалы, қолжетімді әрі заманауи психиатриялық және наркологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Психическое здоровье региона: новые возможности, современные подходы и развитие системы помощи

Директор ГКП на ПХВ «Областной центр психического здоровья» Алматинской области Алимбек Тажеков рассказал о развитии службы, новых проектах, расширении...