Ясауитану ғылымындағы тарихи жаңалық: Ресейден бұрын белгісіз қолжазба анықталды

Танымал

Ел аузында

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығы ғалымдарының Ресей Федерациясындағы ғылыми іссапары Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу бағытындағы маңызды жаңалықпен толықты. Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының қолжазбалар қорынан Ясауия тариқатының тарихы мен рухани ілімін зерделеуде айрықша маңызға ие сирек қолжазба анықталды.

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеу, Ясауитану ғылымын жүйелі дамыту жөніндегі тапсырмалары мен Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Ясауитану саласын дамытудың іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жұмыстардың нақты нәтижесі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы соңғы жылдары Ясауитану ғылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы мақсатта Ясауитану ғылыми орталығының бір топ ғалымдары Ресей Федерациясына арнайы ғылыми іссапарға аттанды. Ғылыми экспедиция құрамында Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы, «Қолжазбалар мен сирек кітаптарды зерттеу» бөлімінің басшысы Алена Балтабаева және аға ғылыми қызметкер, мәтінтанушы Ұлықбек Жүнісбаев жұмыс жүргізуде. Зерттеушілердің негізгі мақсаты Ресей архивтері мен кітапхана қорларында сақталған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына қатысты қолжазбаларды анықтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерделеп, отандық ғылым айналымына енгізу.

Іссапар барысында ғылыми топ Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, белгілі шығыстанушы Әликбер Әликберовпен кездесті. Кездесу барысында түркі-ислам өркениетінің жазба мұраларын сақтау, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын бірлесіп зерттеу, шығыстық қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Академик алдағы уақытта Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институты мен Қазақстандағы Ясауитану ғылыми орталығы арасында ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Ғылыми сапардың ең маңызды әрі жемісті нәтижесі Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының Қолжазбалар қорында белгілі болды. Қор каталогтарын жүйелі түрде зерделеу барысында ғалымдар «Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты еңбектің осы уақытқа дейін ғылыми ортада кеңінен мәлім болмаған қолжазба нұсқасын анықтады.

Бұл еңбек XVII ғасырда Бұхарада жазылған және Ясауия тариқатының рухани дүниетанымын баяндайтын ең маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады. Қолжазбада жария зікір дәстүрінің шариғаттағы орны, сопылық тәрбиенің қағидалары, рухани сабақтастық мәселелері жан-жақты түсіндіріліп, Қожа Ахмет Ясауиден басталатын рухани силсила, Хакім ата, Зеңгі ата және кейінгі Ясауия шайхтары туралы құнды тарихи мәліметтер қамтылған.

Мамандардың айтуынша, бұл қолжазбаның ғылыми айналымға енгізілуі Ясауитану ғылымының деректік қорын жаңа мәліметтермен толықтырып қана қоймай, Ясауия ілімінің тарихи дамуын, түркі сопылық мектебінің қалыптасу ерекшеліктерін және рухани сабақтастықтың эволюциясын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңалық отандық гуманитарлық ғылым үшін ғана емес, халықаралық ясауитану зерттеулеріне де елеулі үлес қоспақ.

Қазіргі уақытта Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары анықталған қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеуге кірісті. Алдағы кезеңде оның мәтіндік ерекшеліктері белгілі нұсқалармен салыстырылып, текстологиялық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми жарияланымдар арқылы көпшілікке ұсынылып, отандық ғылыми айналымға енгізілмек.

Сонымен қатар Ресейдегі ғылыми ізденістер жалғасып жатыр. Экспедиция мүшелері Қожа Ахмет Ясауи мұрасына қатысты бұрын ғылыми айналымға түспеген өзге де қолжазбаларды анықтау бағытында архивтер мен кітапхана қорларында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде Ясауитану ғылымы тек тарихи мұраны зерттеу ғана емес, ұлттық руханияттың тамырын тереңнен танытатын стратегиялық ғылыми бағытқа айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығы ғалымдарының бұл ғылыми іссапары Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде кешенді зерттеуге жасалған маңызды қадам. Ресей архивінен анықталған жаңа қолжазба Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің нақты ғылыми нәтижесі.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени

музей-қорығы Ясауитану ғылыми Орталығы «Ғылыми жарияланымдар және медиа-коммуникация» бөлімінің басшысы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Психикалық денсаулық саласы: жаңа мүмкіндіктер мен заманауи тәсілдер

Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Алимбек Тәжеков өңірдегі қызметтің дамуы мен болашақ жоспарлар туралы әңгімелейді. — Әлімбек Мұхтарұлы, өзіңіз...