Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Циркулярлық экономиканы құқықтық реттеу: Қазақстан Республикасының заңнамасы және оны жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан үшін циркулярлық экономиканы қалыптастырудың құқықтық негіздерін талқылау, сондай-ақ, осы саладағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан сараптауы аса құнды. Конференцияға Қазақстан мен шетелден келген жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Жиын барысында циркулярлық экономиканы дамыту бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу және оны ұлттық құқықтық жүйеге бейімдеу мәселесі қарастырылды. Бұл өз кезегінде ресурстарды тиімді пайдалануға, сонымен қатар, қалдықтарды азайтып, қайта өңдеуге, қайталама ресурстарды экономикалық айналымға енгізуге жол ашатыны жан-жақты айтылды.
Конференцияға әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов пен Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Гүлдана Қуаналиева модераторлық етіп, шараны жүргізіп отырды. Офлайн және онлайн форматта өткен конференцияда Қазақстан Республикасы Президент ісі басқармасына қарасты Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов циркулярлық экономиканы дамытудың өзекті екенін айтып, негізгі басымдықтарын сөз етті. Ал Парламентаризм институтының ғылыми зерттеулер орталығының басшысы Нұржан Сәулен циркулярлық экономикадағы екінші реттік ресурстардың құқықтық режимін жетілдіру туралы ойын ортаға салды.
Жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, профессор Есберген Алауханов циркулярлық экономика саласындағы жауапкершілік мәселесін талқы тақырыбына айналдырса, конференцияға онлайн қатысқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің бұрынғы төрағасы, белгілі заңгер Игорь Рогов сарапқа салынып отырған мәселенің қоғам үшін өзекті екенін айтып, циркулярлық экономиканы дамытудағы озық тәжірибелерді сөз етті. Бұдан бөлек ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ж. Ермекова, Гданьск университетінің (Польша) профессоры Э.Юхневичюс, Чанъань университетінің (Қытай) доценті Чен Цишен мәселеге қатысты ойларын ортаға салды.
Польша, ҚХР, Тәжікстан, Өзбекстан университеттерінің профессорлары да конференцияға онлайн форматта қатысты. Hasan Kalyoncu университеті ректорының кеңесшісі, Орталық Азия аккредиттеу орталығының халықаралық байланыстар жөніндегі комитетінің президенті Арслан Мехмет «Түркия Республикасында циркулярлық экономиканы қалыптастырудың ерекшелігі: мемлекеттік саясат және әлеуметтік даму» тақырыбында сөйлеген сөзінде өз елінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.
Конференцияны ұйымдастырушылар циркулярлық экономика бойынша жастардың да ізденіс жасап, жаңа идеяларын ортаға салуына мүмкіндік берген. Соған сәйкес университетте «Циркулярлық экономикаға көшудің құқықтық тетіктері» тақырыбында студенттер арасында үздік эссе байқауы жарияланған. Биылғы жылы байқауға тоқсан шығарма түскен. Солардың ішіндегі ең мықтылары сарапшылардың таңдауымен жеңімпаз атанды. Жүзден жүйрік шыққандар, яғни, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Omir Innovation University, Каспий университеттерінің студенттері конференция барысында марапатталып, арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттарға ие болды.
Тағы бір айтып өтерлігі, конференцияда «Цифровое право Республики Казахстан» оқулығының тұсауы кесілді. Заң ғылымдарының докторы Даулет Байдельдиновтің айтуынша, бұл Қазақстанда осы бағытта жарық көрген тұңғыш оқулық.

Конференцияға заңгер-ғалымдар, оқытушылармен бірге Алматы қаласы бойынша экология департаментінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссиясының, «Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясының, т.б. мекемелердің өкілдері қатысып, циркулярлық экономиканы құқықтық реттеудің теориялық және практикалық бағыттарын терең талқылады. Бұл басқосу ғалымдар мен сала мамандары арасында тәжірибе алмасуға, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Циркулярлық экономиканы құқықтық реттеудегі өзекті мәселелерді сараптай ғылыми диалогты тереңдетуге және Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау заңнамасын жетілдірудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге көмектесері анық.
Т.Смағұлқызы