Мен бірнеше жыл шет елдерде өмір сүріп келген қазақтілді қазақтың бірімін. АҚШ пен Түркиеде, мен туристік сапармен айлап-апталап қонақ болған бұлардан басқа 20 шақты шет елдерде де дәл Қазақстан Республикасы деп аталған біздің елдегідей абсурд елді көрмедім.
Мәселен, АҚШ, Еуропа, Түркие елінде сен қай тілді білесің, олар тілден ешқандай ұлттаралық проблема жасамастан, тұтынушының тілінде саған қызмет көрсетеді немесе сол тілде саған қызмет көрсетуге тырысады. Олардың шынайылығын көріп, риза боласың.Ал, өз елің, туған жерің – Қазақстан Республикасына келсең, нағыз қазақ ауылдан таяуда келіп, жұмысқа тұрған супермаркет қызметкері саған тілін бұрап орысша қызмет көрсетеді. Егер, сен оған “ айналайын, бұл Қазақстан ба, жоқ, Ресей Федерациясы ма, неге сен немесе сіз маған қазақша – мемлекеттік тілде – қызмет көрсетпейсіз десең, болды, бәлеге қалдың, дереу саған “почему вы меня оскорбляете, я не обязана вам отвечать на казахском языке» деп доқ көрсетеді. Мемлекет басшысынан бастап – дүкен басшысына дейін тұтынушы көпшілік қазақты емес, азшылық сатушы қауымның мүддесін қорғайтынына жүз пайыз сенімді. Сені заңмен сындырады. Дүкенде де, сотта да, әкімшілікте де, бизнесте те, ҚР территориясының басқа жерінде де. Сенімен бірге ұлт мүддесін қорғап көшеге шығатын немесе сенің әділеттілігіңді қорғайтын, әлсізге болысатын бір қазақ таппайсың. Барлығы тек өз басы мен әрі кетсе өз отбасының қамы үшін жүрген жеке-жеке бытыраңқы эгоист өзімшілдер. Бірақ ертеңгі күні өз ұрпағы да сынып, орыс немесе қытай боп кететінімен ісі жоқ, қайтсе де қазіргі күні экономикалық тұрғыдан дәулетті болса, болды, ертеңгісін ойламайды. Ресей бұндай империалистік өктемдігін өп-өтірік өркениетті елдердің “адам құқымен” бүркемелейді. Ал шындығында, жеке бір адам түгілі мұнда миллиондаған халықтың құқы қорғалмай тұр емес пе?! Путиндік Ресейдің өзінде адам құқы қорғала ма өзі? Жоқ! Онымен ешкімнің ісі жоқ. Мынандай әділетсіздікті көріп өскен қазақтың әрбір жасы осы елдің азаматы бола ма, елге қорған патриот бола ма, жоқ, жап-жасынан рухы сынған, екі жүзді индивид бола ма?!Қазіргі заманда Ресей мен Қытай секілді әлемдегі ең соңғы диктатор, террор, отаршы елдер өзінен кіші және әскери жағынан әлсіз елдерді бағындырудың ең залым жолдарын қолға алды. Олар сіздерді соғыспен физикалық түрде атып өлтірмейді, бірақ сенің тілің мен ерік-жігеріңді айырып, сені амалсыз сол елдің тілі мен бизнесі арқылы өзіне қаратады. Сенің жан-дүниеңді жаулап алу соғысы жүріп жатыр. Сені рухани сындырады. Ал бұл сені физикалық өлтіруден де өткен азаптап өлтіру жүйесі! Өзімізден шыққан коррупционер жүйе өз билігі мен капиталы үшін ел мүддесін отыз жыл бойы сатумен келеді. Оған қарсы тұратын, оны түсінетін зиялы қауым бар ма бұл елде? Қазақ халқы қазіргі заманның осынау фашизмі мен геноцидін қашан түсініп, қашан бірігіп қарсы тұрады?! Қашан?!А құдай-ай, біз не деген сормаңдай ел едік?…
Жарылқап Қалыбай
Фейсбуктегі парақшасынан