Кино саласындағы ең табысты продюсерлердің бірі Нұрлан Қоянбаев кезекті жетістігімен мақтанды. Оның «Қазақша бизнес Түркияда» фильмі миллиард теңгеден аса қаражат жинап, кассалық рекордын жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі НТК арнасының «Ревю» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
5 бөлімі жарыққа шыққан фильмнің жалғасы болады. Осылай деп мәлімдеген Қоянбаев қуанышты жаңалығымен бөлісті. Ол қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде көрсетілімнің тоқтап қалғанына қарамастан, фильмнің табысы мол болғанын жеткізді.
«Жалғасы болады. Себебі «Қазақша бизнес Түркияда» фильмі кассалық жиын бойынша алдыңғы рекордты жаңартты. 1 миллиард 300 миллионнан асып кетті», – деген Қоянбаев келесі бөлім Үндістан елінде түсірілуі мүмкін екенін айтты.
Үндістан демекші, танымал үнді актрисасы Авика Гор Қоянбаевтың I go to school фильміне түсті. Жуырда ол фильмнің тұсаукесеріне қатысу үшін арнайы Алматыға келді.
«Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Мен үшін өте ыстық өлке. Себебі көрермендер мені сүйеді. Дәл осы елдің үлкен киносына түскеніме мақтанамын. Нұрлан мырзамен және түсірілім командасымен тез тіл табысып кеттік», – деп ағынан жарылды Авика.
Ал Авикамен бірге басты рөлді сомдаған Рамазан Амантай гонорарының өскенін растады. Ол Қоянбаевтан ұсыныс алған сәтте қандай сезімде болғанын түсіндірді.
«Өте тамаша әсерде болдым. Қазақстанның алды болып келе жатқан продюсерден мұндай ұсыныс алу кез-келген актердің арманы деп ойлаймын», – деді Амантай.