Баспана аламын деп ақша жинап жүрген жандар нені ескеруі қажет? Ақшаны қалай оңай үнемдеуге болады? Бұл сұрақтарға Tengrinews.kz тілшісіне экономика ғылымдарының кандидаты Құралай Сакибаева жауап берді.
Маманның айтуынша, кез келген адам «шын мәнінде баспана алғым келе ме?» деген сұраққа жауап іздеуі қажет. Экономист баспана алғысы келіп, ақша жинап жүргендерге арналған қарапайым кеңестерді айтты.
1. Көрпеңе қарай көсілу
Ең алдымен баспана алғыңыз келетін жердегі пәтерлердің, тұрғын үйлердің бағасына салыстырмалы түрде талдау жүргізіп алу керек. Орталықта орналасқан үйлерді алу қиынға соқса, жұмысты немесе басқа да қажеттіліктерді ескеріп, белгілі бір ауданды таңдау қажет.
Айта кетейік, Қазақстанда 2011 жылдан бастап 2021 жылғы мамырға дейінгі баға көрсеткіші орта есеппен (Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша) 11 жыл ішінде бір шаршы метр үшін 154-тен 336 мың теңгеге дейін, яғни 2,2 еседен аса қымбаттаған.
Сондай-ақ, былтыр тұрғын үй бағасы қарқынды өскені байқалғаны айтылды. Алғашқы бес айда Нұр-Сұлтандағы жаңа құрылыстардағы пәтер құны бір шаршы метр үшін 9,2 пайызға, бүкіл ел бойынша 9,1 пайызға қымбаттаған.
2. Кіріс-шығысты басқару
Отбасына ай сайын түсетін қаржының 80-90 пайызын баспанаға жұмсамау үшін, табыс көлемі мен шығын мөлшерін талдап, жүйелеп алу керек. Табысыңызды арттыратын мүмкіндік болмаса, шығынды азайтуға тура келеді. Шығын тұрақты және айнымалы болып бөлінеді.#1Тұрақты шығын деген не?
Ол ай сайын өзгеріссіз төленеді. Оған коммуналды төлем, балабақшаға төлейтін қаржы, несие, т.с.с. жатады.#2Айнымалы шығын деген не?
Ол – көлемі жағынан үнемі өзгеріп отыратын шығын. Мысалы, қыс мезгілінде азық-түлік алуға көп ақша жұмсауыңыз мүмкін, ал басқа айларда оның мөлшері азырақ болып жатады.
Ақшаны қалай үнемдеу қажет?
- Коммуналды төлемді азайтуға болады. Қалай? Үйдегі бөлмелердің электр қуатын үнемдеу мақсатында арнайы лампалар орнату бұл мәселені шешуде айтарлықтай көмектеседі. Бір рет қуат үнемдейтін лампа алу ұзақ уақытқа созылатын шығыннан құтқаруы мүмкін. Балалардан бастап үлкендерге дейін қуат көзін үнемдеуге үйретіп, қажет болмаса, дер кезінде өшіруге дағдыландыру керек.
- Маманның айтуынша, өмірде түрлі жағдай болады. Соған сай күтпеген шығындар да болады. Оған тойға, басқа да іс-шараларға кететін қаражат жатады. Сондықтан осындай шығындарға арнайы ақша бөліп қою керек. Экономистің пікірінше, кей жағдайларда той-томалақтан бас тарту арқылы көп ақшаны үнемдеуге болады. Шығынның көп бөлігі осындай той мен туған күнге кетеді.
- Балаларға маусым сайын киім алмау. Үйде бірнеше бала болса әрі үлкен баланың киімі әлі де сапалы болса, одан кіші балаларға сол киімді беру арқылы да ақша үнемдеуге болады. Арзан аяқ киім алып, маусым біткенше, оның тозығы жетіп, бірнеше мәрте аяқ киім алып бергеннен гөрі бір рет сапалы аяқ киім алу қажет.
- Үйдегі қолданыстан шығып қалған дүниелерді әртүрлі қосымшалар арқылы сатуға болады. Америкалықтарда бұл жолға қойылған. Garage sale деп аталады. Есейіп кеткен балаңыздың велосипеді немесе басқа да құралдар, өлшемі келмей қалған сырт киім деген секілді дүниелерді сатып, шығындарды жабуға болады.
- Шығынды азайтудың тағы бір жолы – жұмыс орнынан берілетін әлеуметтік көмек. Әлеуметтік санатқа кіретін ата-ана болсаңыз, отбасыңызда мүмкіндігі шектеулі жан болса, ондай жағдайда әлеуметтік көмек қарастырылады. Сондықтан барлық мүмкіндікті ескеру қажет.
- Ұялы телефондарда түрлі арнайы қосымшалар бар. Сол арқылы шығын көлемін жазып, талдауға болады. Сырттан көп тамақтансаңыз, оның орнына үйден ас ішіп, түскі асты өзіңмен бірге жұмысқа алып бару арқылы да шығынды үнемдеуге болады.
- Әрқашан шығынға кететін қаржының болжам түрінде бағасын жазып отыру керек. Жеңілдіктерді де қадағалап отыру артық етпейді. Дүкенге, супермаркетке барғанда, міндетті түрде нақты керек заттардың тізімін апару керек. Тізіммен бармасаңыз, көзіңізге түскеннің бәріне қызығып кетуіңіз мүмкін. Сондай-ақ, азық-түлік алуға барғанда, аш баруға болмайды. Психологиялық тұрғыдан бәріне қызығып, көп шығын әкелетін дүниелерді сатып алуыңыз әбден мүмкін.
- Қандай да бір зат алатын кезде бір сағаттық еңбекақыңызбен салыстырып көріңіз. Мысалы, айына 100 немесе 200 мың көлемінде табатын болсаңыз, шамамен бір сағатта 1200 теңге аласыз. Қызыққан дүниеңіз 1500 теңге тұрады делік, сондай жағдайда «бір сағаттық жұмысым осыған тұра ма?» деп ойлану керек. Мысалы, бір сағат тапқан ақшаңызды бір шыны кофеге жұмсасаңыз, бекер екенін ойлану қажет.