Шымкент қаласындағы бас көлік басқармасының орынбасары Мадияр Бәйімбетов мәлімдеме жасады.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Бәйімбетов брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзі мен департамент басшысы Ержан Жолдасовқа қатысты 747 млн теңгені жымқыру фактісі бойынша тексеріп жатқанын растады.
Бұл іске Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының да қатысы бар.
Шымкенттегі атқарылмаған жұмыстар үшін бюджеттен төленген миллиондаған қаржыны жымқыру ісі тың мән-жайға ие болуда.
Күні кеше Шымкент қаласындағы бас көлік басқармасының орынбасары Мадияр Бәйімбетов мәлімдеме жасады. Ол бұл іс бойынша бастықпен байланыста екенін растады.
«Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мен оның орынбасары және мен Антикордың сотқа дейінгі тергеуіндеміз. Іспен әлі танысқан жоқпыз, жауапқа шақырған жоқ», – деді Мадияр Бәйімбетов.
Еске салсақ, Антикор Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі шымкенттік шенеуніктермен бірлесіп, Шымкентте нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарына төленген 747 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланды. Бұдан бұрын да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға рейдерлік жолмен бизнесті басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған болатын.
Гүлмира Сатыбалды ағымдағы жылдың 16 наурызында ұсталып, елорданың уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осыдан бірнеше күн бұрын, 13 наурызда Антикордың қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болды. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде.
Ұсталған Қайрат Сатыбалдыұлы Дубайға ұшпақ болған. Ол Алматы әуежайы аумағында ұсталды.