Қазақстанда инфляция 8,7 пайыздан бірден 12 пайызға өсті. Ең алдымен азық-түлік тауарлары қымбаттады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросы деректеріне сілтеме жасап.
2021 жылғы наурызда инфляция 8,7 пайыз болған. Бюро мәліметі бойынша, 2022 жылғы наурыздың аяғында Қазақстандағы инфляция 12 пайызға дейін өскен.
«2022 жылғы наурызда тұтыну бағаларының индексі өткен аймен салыстырғанда 103,7 пайыз болды. Азық-түлік тауарлары 5,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 2,8 пайызға, ақылы қызметтер бағасы 1,4 пайызға өсті», – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері тұтыну тауарлары мен қызметтерге баға мен тарифтер 5,2 пайызға, оның ішінде азық-түлік тауарларына – 8,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарларға – 3,6 пайызға, ақылы қызметтерге – 2,6 пайызға өсті.
Бұған дейін «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының жетекшісі Светлана Романовская соңғы апталарда көп өнімдер 30-40 пайызға қымбаттағанын айтқан болатын.