Алматы әкімі Ерболат Досаев Жеңіс күніне орай ардагерлерге қолдау көрсетуге уәде берді. Қала әкімдігі әрбір ардагерге миллион теңгеден бөледі. Бұл туралы қала басшысы Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны азайып бара жатқанын атап өтті. Бүгінде Алматыда 77 майдангер тұрады, оның 18-і – Бостандық ауданының тұрғыны.
«Ұлы Жеңіс мерекесі біз үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, екі жыл бойы пандемия салдарынан тойланбады. Биыл оны дұрыстап атап өтеміз. Ешқандай шектеулер жоқ. Әр ардагерге барамыз деп үміттенемін. Әкімдік тарапынан қолдау көрсеткіміз келеді және әрбір соғыс ардагеріне миллион теңгеден бөлеміз», – деді Ерболат Досаев.
Алматы басшысы тыл ардагерлеріне теңестірілген барлық тұлғаға зор денсаулық тіледі.
«Олардың саны – 10 600. Мәслихат шешімімен ақшалай қолдау қарастырылған», – деді ол.