Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тарих пәнін оқытуда қандай өзгерістер болатынын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Петропавлда тарих пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Съезге 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары қатысқан.
«Съезге қатысушылар үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, сонымен қатар оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жоғары оқу орындарында тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады», – деді министр.
Білім және ғылым министірі нақты қабылданған шешімдерге тоқталды:
- Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады.
- Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды.
- Енді ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.
- Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.
- Петропавлда Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Шохан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатыр. Бұл институттар осы оңірлерде ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастыратын болады.
Сондай-ақ, съезге қатысқан тарихшылар бірнеше ұсыныстарды көтергені айтылды.