Нұр-Сұлтанда 22 сәуірден бастап рұқсат етілмеген орындарда көлік қою полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты түрде тіркеледі, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі astanapark.kz сілтеме жасап.
«Елорда жолдарындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендету мақсатында «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-нің арнайы «Дозор-М» фото-бейне жазба кешендерінің көмегімен көліктердің тоқтауы және жүруі тіркелетін болады.
«Дозор-М» кешендері заңнамаға сәйкес міндетті сертификаттаудан және тіркеуден өтті. Белгіленбеген жерден автокөліктерді табу фактілерін, көліктің нақты уақыты мен орнын анықтау және тіркеу GPS/GLONASS жүйесі арқылы жүзеге асырылады», – деп хабарлады компания.
Жүргізушілерге көлік құралдарын дқрыс қоймау, рұқсатсыз жерге қою ережелерін бұзуға жол бергені үшін ӘҚБтК-нің 597-бабы бойынша 5-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде жауапкершілік көзделген.
Компанияда көлікті белгіленбеген жерде қою және тұраққа дұрыс қоймау құқық бұзушылықтың жиі кездесетін түрлерінің бірі, сондықтан жол қозғалысы жағдайын қиындатады. Жаңашылдық жол қозғалысына қатысушылар арасындағы құқық бұзушылықты азайтып, жүргізушілердің тәртібін жақсартады деп күтіледі.
«Жүргізушілер арасындағы құқық бұзушылықтың санын азайту мақсатында Нұр-Сұлтан қалалық ІІБ Әкімшілік полиция басқармасының ұсынысы бойынша бұзушылықтарды түзету жұмыстары жүргізілді. Даулы істерді полиция қызметкерлері қарайды. Айыппұлдан түскен барлық қаражат қала бюджетіне түседі», – деп түсіндірді компания.