Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде бөтеннің мүлкін ұрлап, ұсталғандардың көпшілігі бұрын сотталмаған жастар, деп мәлімдеді ҚР ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов. Мұндай адамдарға олардың жеке басы мен жағымды қасиеттерін ескере отырып, бас бостандығынан айыру емес, бұлтартпау шарасы қолданылады. Бүгінгі күні осындай 326 күдікті қамаудан босатылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Сот органдары ізгілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сотталушыларға жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу кезінде жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, ауырлығын, қоғамдық қауіптілігін, кінәлілердің жеке басын, оның ішінде олардың осыған дейінгі және кейінгі мінез-құлқын да ескереді. Сондай-ақ қылмыстың жасалуы, тағайындалған жазаның оларды түзеуге әсері және жәбірленушілердің пікірі тыңдалады», – деп атап өтті ішкі істер министрлігінің өкілі.
Әділов бірнеше мысал келтірген. Тәртіпсіздік кезінде «Технодом» сауда үйінен Алматы облысының тұрғыны 1 миллион теңгеден астам қаражат мөлшерінде екі теледидар, шаңсорғыш пен қар тазалағышты ұрлап кеткен. Қарауында кәмелетке толмаған екі баласының болуы және келтірілген зиянның өтелуі ескеріліп, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында бұлтартпау шарасы үйқамақ түріне ауыстырылды. Сот оның бас бостандығын 2,5 жылға шектеді.
Қаңтардың 5-і мен 6-сы күндері Талдықорғандағы тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының үш тумасы «Фора» дүкенінен құны 1 миллион теңгеден асатын сегіз ұялы телефонды ұрлап кеткен. Бұрын сотталмаған екі күдікті келтірілген залал үшін өтемақы төлегеннен кейін үйқамаққа ауыстырылса, ұрлық үшін сотты болған үшіншісі қамауда қалды. Бұрын сотты болмаған екі азамат үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, ал сотты болған үшіншісі нақты мерзімге сотталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ішкі істер органдарының тергеушілері жүргізіп жатқан қылмыстық істер бойынша 155 адам қамауда отыр. Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген.