Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір елдімекен тұрғындары ішімдіктен бас тартты. Енді дүкендерде алкоголь өнімдері мен темекі сатылмайды, – деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Шағын Жанұзақ аулында 70-ке жуық отбасы тұрады. Олар үш жылдан бері ащы су ішіп, темек тартудан жаппай бас тартқан. Үйге келген қонаққа да арақ-шарап ұсынылмайды. Алкогольді ауылдағы дүкендерден таппайсың. Тұрғындардың сөзінше, осының арқасында ауылда ұрлық-қарлық пен бұзақылық азайған. Салауатты өмір салтын ұстанған жастардың көбі бос уақытын спортқа арнайды.
«Талайдан бері дүкендерде арақ сатылмайды. Себебі ешкім арақ ішпейді. Бұл келешек ұрпақтың тәрбиесіне үлкен көмек. Балаларға келсек, олар спортпен шұғылданады. Күн демей, түн демей, қолы босай қалса, футбол ойнайды», – дейді ауыл тұрғыны Маржангүл Мағауиянова.