Қазақстанда Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлері төленетін сыйақы көршілес Ресеймен салыстырғанда 17 есеге артық. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Қазақстанда ҰОС ардагерлері 9 мамырға орай Ресей ардагерлерімен салыстырғанда 17 есеге көп ақша алады.
Бұл жекелеген қорлар мен қайырымды жандардың көмектерін қоспағанда. Аталарымыздың есімін шынайы көмек көрсетіп еске алу керек. Парадтарды ұнататындарға жауап», – деп жазды депутат Facebook-те.
Қазақстанда соғыс ардагерлеріне 805 мың теңгеден (140 мың рубль) беріледі. Бұрынғы ТМД елдерінің ішінде бұл ең жоғары көрсеткіш. Екінші орында – Өзбекстан (12 млн сум немесе 85 мың рубль) болса, ал үштікті Әзірбайжан (750-1500 манат немесе 32 мың-65 мың рубль аралығы) елі қорытындылайды.
- «Миллион доллар ақша табу үшін қазақстандықтарға 246 жыл уақыт керек»: Халықаралық сарапшылар зерттеу жасады
- «Айына 250-300 мың төлейміз»: Қызылордалық жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолға шағымданды
Ал көршілес Ресейде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 10 мың рубльден (шамамен 60 мың теңге) беріледі екен.
Сондай-ақ, Беларусь, Түркменістан, Эстония, Грузия, Армения, Литва және Латвия елдерінде ешқандай төлем қарастырылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаян Украинадағы жағдайды мысалға келтіре отырып, қазақстандықтарға сес көрсеткен еді. Өз сөзінде ол Қазақстанда Жеңіс күніне орай парадтардың болмайтынын атап өткен.
“Қазақтар, алғыстарың қайда? Сендер Ресейді дүниежүзінен жоқ болып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Украинаға қараңдар да, жақсылап ойланыңдар. Біздің жауапты тұлғалар біздің қарым-қатынасымызды қайта қарауы керек. Қателесесіңдер! Сендерде әлі уақыт бар. Соңғы вагонға үлгеріп қалуларың да мүмкін. Қазір үлкен соғыс жүріп жатыр. Осы орайда, бізді кім қолдайтынын дұрыстап бақылау керек. Жетер! Өтірік ойнап болған шығарсыңдар. Билікті құтқарып, былығыңды реттеуге қайтарымсыз көмек сұрауларыңды доғарыңдар! Парад өткізбейміз дегендерің не?» — деді ол.
Бұған дейін СІМ баспасөз хатшысы Тигран Кеосаянның сөзіне қатысты пікір білдірді.
Сондай-ақ, актер, режиссер Досхан Жолжақсынов Кеосаянға орыс тілінде видео-үндеу жолдады.
“Өзіңе көп аласың. Біріншіден, сен Ресей емессің. Екіншіден, мықты болсаң, жоғары билікке бар. Ал менің халқыма тиіспе!” – деп ескертті ол.