Еркебұлан Дайыров жарымен есеппен емес, ессіз сүйіп қосылғанын айтады. Актер өзінен 8 жас кіші қызды жар еткен. Сүйіктім балалығымен, қылықтылығымен баурап алды дейді ол.
Еркебұлан Дайыров Қазақстандағы ең қымбат әрі сұранысқа ие актерлердің бірі. Кино және театр актері. Жылдық табысы шамамен 100-150 мың доллар. Отбасылы. Актер ессіз сүйген ғашығына қосылғанына бақытты.
“Мен өзімнен 8 жас кіші қызды жар еттім. Көп қараның ішінен таңдап алған аруым. Есеппен емес, ессіз сүйіп қосылдым. Менің әкем анамнан 7 жас үлкен. Мен де бұрын жас қызды жар етсем деп Құдайдан сұрайтынмын. Періштелер әумин деген шығар. Қылықты, ерке, балалығы бар. Сонысымен мені баурап алды. Қызымыз бар. Әке-шешеммен таныстырғанда бәрінің көңілінін шықты. Бақыттымын”, – деді актер Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында.
Дайыровтың айтуынша, адам тағдырды қолдан жасамайды. Бәрі Алланың жазуымен болады. Шетелдің түсінігіне, психологтердің іліміне сүйенудің керегі жоқ.
“Қалай дегенмен де бәрі Алланың бұйрығымен болады. Бәрін өзіміз жасаған секілді ойлап қаламыз. Тағдырың өз қолыңда деп жатады. Бірақ оның бәрі бекер әңгіме. Бұйрықпен келеді. Кіммен қосылғаның да бұйрықпен болатын дүние”, – деді ол.
Актер жылына шамамен 100-150 мың доллар табыс табатынын мойындады. Алайда Алматыда өмір сүру құны одан да қымбат.
“Небір жобалар бар, той, дубляж, концерт бәрінен жақсы табыс алуға болады. Бірақ Алматыда тапқан ақшаң солай кетіп қалады”, – деп күлді.
Дайыров ата-әженің баласы. Тоғыз ағайынды. Өзінен кейін туған 3 қарындасы бар. Ата-анасың аға-жеңге деп атайды. Өз бойындағы кей мінезін өзі ұнатпайды.
“Менің бір қырсықтық мінезім бар. Бір нәрсеге намыстанып қаласың. Кей нәрсе ұнамай қалады. Шала бүлініп қаламын. Мінезім ұнамай қалады. Сол мінезімді жек көремін”, – дейді актер.