Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов соғыс және дағдарыс жағдайында әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер жасақталатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді қайта жасақтау, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырмалар берді. Сондықтан соғыс жағдайы мен дағдарыс ахуалында әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелер жасақталып жатыр», – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
РЕКЛАМАtoimart.kzПерейтиРЕКЛАМА
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөніндегі іс-шаралардың қорытындысы туралы баяндады. Ол есептік кезеңде жауынгерлік даярлықтың қарқыны едәуір артқанын, заманауи қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне қарап, әскерді қолданудың жаңа нысандары мен әдістері игеріліп жатқанын атап өтті.
Отырыс барысында Қарулы Күштердегі әскери тәртіп пен құқық тәртібі, тыл, техника жағынан қамтамасыз ету және әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Сонымен қатар, қорғаныс министріне «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында өткізілетін қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіру шаралары баяндалды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларға қазіргі жағдайда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі әскердің ролі мен алатын орны назарда болуы керегін айтты. Қорғаныс ведомствосының басшысы Президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы референдумның айрықша маңызды екенін де атап өтті.