Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

7 C
Nur-Sultan
13 C
Almaty
15.3 C
Shymkent

Ашаршылық жылдарындағы тарихи арыз – «Бесеудің хаты», «Алтаудың хаты»

Танымал

Ел аузында

XX ғасырда дәл қазақ халқының басынан небір қилы заман, тар жол тайғақ кешулер өтті. Зұлматты жылдардың қай-қайсы болса да, сүйегімізге таңба басып кетті. Әсіресе,  1921-1922, 1931-1933 жылдары  елімізде болған ашаршылықтың кесірінен ұлтымыздың саны  едәуір азайды. Отарлық қанау саясаты мен тәркілеу мен ұйымдастырудағы қателіктер салдарынан ата-бабамыз бір үзім нанды аңсап қайтыс болып жатты. Ұлтымыздың басына түскен бұл қасірет талайды жалмады.

Халықтың ашаршылықтан қырылып жатқаны, түрлі дертке душар болып, ісініп үзіліп кетіп жатқаны туралы баяндамалар, есептер, хаттар Мәскеуге жолданып жатты. Олардың көбі Қазақстан Республикасының Президентінің Архивінің 141- қорында сақтаулы. Солардың бірі – «Бесеудің хаты» деген атпен қалған арыз – шағым. Оны жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгеушісі Мансұр Ғатаулин, Коммунистік жоғары оқу орнының проректорының орынбасары Мұташ Дәулетқалиев, осы оқу орнының проректоры Емберген Алтынбеков, Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы Мемлекеттік жоспардың энергетикалық саласының меңгерушісі Қадыр Қуанышов сол уақыттағы БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жолдады. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді. 1930 жылы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған. Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды. 1929 жылы партияның алдағы бесжылдыққа арналған жоспары орындалмағаны, керісінше мал саны мен егін көлемі азайып кеткенін нақты деректермен келтірген. 1932 жылдағы есеп бойынша соңғы бес жылда Қазақстанда мал басының саны 87,5 %-ға азайған, ал егін көлемі 14 миллион гектарға ұлғаю керек болғанымен, 1 миллион гектар ғана жер игерілген. Мал шаруашылығы совхоздарындағы мал санының басы VII партия кеңесінде меже етілген 11,3 миллионға жетпегенін айтқан. Хатта: «Қазақ ауылдарында  жағдайы нашар, сондай-ақ колхоздар да, колхозшыларда да, жеке кедей шаруалар мен орта тұрмыстағы шаруаларда соңғы жылдары мал, нан, тері, жүн, май және т.б. заттары үшін ақысы төленбеген түбіртектер көп. Сатып алушы ұйымдар тауарларды кеңінен жеткізумен қатар, еңбекші халыққа өздері өндіріп тапсырған барлық заттарының түрлеріне қарыз болған тұтыну тауарлары мен азық-түліктерін тез арада өтеуі қажет», – делінген.

Хаттың авторларының бәрі де Коммунистік партияның мүшелері болатын. Олардың бұл хаты ұлтшылдықтың көрінісі, байлықты аңсаушылар ретінде қабылданып, айыпталды. Партиядан шығарып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қысым көрсетті, ал Мансұр Ғатаулин 1937 жылы  ату жазасына кесілді.

Тарихи хаттардың бірі «Алтаудың хаты» да ҚР Президентінің Архивінде сақтаулы. Оны қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов,  Мәскеудің жоғары оқу орындарының студенттері  Бірмұхамед Айбасов, Жүсіпбек Арыстанов, Ілияс Қабылов, Ғарифолла Ысқақов, Оразалы Жандосов жазды. Хат 1933 жылы  И. В. Сталинге жолданған. Онда елді қолдан жасалған нәубетті тоқтату үшін нақты нұсқаулықты сұрайды. Ұжымдастыру жұмыстарындағы асыра сілтеушілікті баяндап, шаруа қожалықтардың саны 50 пайызға азайып кеткенін, ауа көшу мен өлімнің көбейгенін жазады. Хатта: «Көптеген қазақ аудандарындағы жағдай ашаршылық салдарынан қазақ еңбекшілдерінің өмірінің сақтау мен шаруашылығын реттеуге шұғыл тапсырма қабылдауына әкеліп тұр. 300 000 астам қазақ шаруашылықтары Сібір мен Орта Азия теміржол станцияларына, орталық қалаларға, көрші (Қазақстанның) обылыстарға бытырап кетті Қырғыз, Батыс Сібір, Орталық Волгадан келген ақпаратқа сай,соңғы айларда қазақтардың ауа көшуі көбейген, соның салдарынан эпидемия өршіп, олардың арасында өлім-жітім артқан. Осыған байланысты эпидемия (іш сүзегі және т.б.) және олардың арасындағы өлім-жетім көбейген. Бұл қазақтарды қалыпты еңбек өміріне қайтару үшін бірқатар төтенше шаралар қабылдау қажет. Біздің пайымдауымызша, қазақ жұмысшыларына үкіметтік көмек қазір ең шұғыл түрде көрсетілуі тиіс, әйтпесе көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жетім одан ары арта түседі», – делінген. Сонау қылышынан қан тамған заманда партия жұмыстарына сын  айтып, хат жазу да үлкен ерлікпен пара-пар. Хат авторлары Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Қабылов , Бірмұхамед Айбасов, Оразалы Жандосов саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды, ал 1997 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Алайда өткен ғасырда қатарынан бірнеше рет болған ашаршылықтың сұмдығы мен зардабын әлі деп зерттеу керек. Біз білмейтін ақтаңдақтар қаншама…

Тоқбергенова Дайана,

ҚР Президентінің Архиві қызметкері

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Мажарстан исламдық сәулет өнерінің мұрасы»

2024 ж. 13 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Мажарстанның Бас Консулдығы бірлесіп «Мажарстан исламдық сәулет...