Бас прокуратура Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялаудан бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«2020 жылдың 19 қазанында Бас прокуратураға сотты болған Ақжарқын Тұрлыбайдың өзін Қазақстанға ауыстыру туралы жазбаша өтінімі түскен болатын. Сол күні-ақ Қытай тарабына тиісті сауал жолданды. ҚХР Әділет министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстырудан бас тартылған. Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін ескеріп, осында шешім қабылданғаны айтылған», – деп жазылған бас прокуратураның мәліметінде.
Бұнымен қоса прокурор қазақстандық тарап Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстыруға үмітін үзбейтінін, егер Қытай соты сотталушының жазасын қысқартып, жазаны өтеудің нақты уақытын тағайындаса, бәрі мүмкін екенін айтты.
«ҚХР-дағы ҚР Елшілігі қолданыстағы заңға сәйкес Ақжарқын Тұрлыбайдың жаза мерзімін қысқарту үкім заңды күшіне енген сәттен 2-3 жыл өткеннен кейін мүмкін болатынын айтты. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, А.Тұрлыбайға қатысты жаза жеңілдесе не жазаның нақты мерзімі айтылса Бас прокуратура оны Қазақстанға ауыстыру туралы қайтадан сұрау салуға бастамашылық жасайды», – деді Қойгелдиев.
Бас прокуратурада Қазақстан Республикасының сотталған азаматтарын елге қайтару сондай-ақ одан бас тарту шарттары 22.02 2011 жылғы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шартта көзделгенін атап өтті (20.11.2013 жылғы ҚР Заңымен ратификацияланған, 30.09.2015 жылы заңды күшіне енген).
Қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай Қытайдың Гуанчжоу қаласының әуежайында 2014 жылдың наурыз айында ұсталды. Ол таныстарының айтуы бойынша, Алматыдан Қытайға аттанған. Олар қызға Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдерін тасымалдауын өтініп, сол үшін қомақты қаражат төлейміз деп уәде еткен. Бойжеткен Гуанчжоу әуежайынан ұшып бара жатқанда ұсталды. Оның сөмкесінде есірткі табылды. Ақжарқын есірткі туралы мүлде білмейтінін мәлімдеді. Ол өз кінәсін мойындамады. Нигериялық есірткі трафигін ұйымдастырушылар әлі ұсталған жоқ.
2015 жылдың маусымында Гуандун соты Қазақстан азаматшасын өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2018 жылы сот істі қайта қарауға жіберді. Алайда кейінірек оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы туралы сот үкімі өзгеріссіз қалды. Аппеляциялық инстанция 2020 жылдың тамыз айында Ақжарқын Тұрлыбайдың үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырды.