Балалардың тегін жол жүруі отбасылар үшін саяхат шығындарын едәуір азайтады. Kaz.tengritravel.kz тілшісі «Қазақстан теміржолшысы» газетіне сілтеме жасап, ата-аналарға нені білу керегі туралы айтып береді.
«Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ ережелеріне сәйкес балаға жеке орын қажет болған жағдайда балалар билетін сатып алу қажет.
«Балалар билеттері 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға алынуы керек және олардың құны ересектер билетінің жартысына тең. 15 жастан бастап балаға ересек билет сатып алынады», – делінген компания хабарламасында.
Бұл ретте 15 жасқа дейінгі балалар міндетті түрде заңды өкілдерінің еріп жүруімен немесе сенімхат бойынша жүруі тиіс. Ал 15 жастан бастап олар өздігінен жүре алады.
«Егер бірнеше бала болса, онда сіз олардың біреуін ғана тегін алып жүре аласыз, тек ол бөлек орын алмауы керек. Бөлек орын үшін билет керек», – делінген сайтта.
Мемлекетаралық тасымалдарға келетін болсақ, бес жасқа дейін балалар орын ұсынбай тегін жүре алады; бес жастан 10 жасқа дейін жол жүру құны – балалар тарифі бойынша; 10 жастан 15 жасқа дейін Қазақстан ішінде билет құны толық құнның 50 пайызын, ал басқа мемлекеттердің аумақтары бойынша – толық тариф бойынша құрайды.