Жетісу облыстық көпсалалы клиникасының мамандары «Қызғылт қазан» айлығы аясында әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және ауруды ерте анықтау бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
12 қазанда клиника дәрігерлері Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп қызметкерлерін профилактикалық тексеруден өткізді. Барлығы 50 әйел маммологтың кеңесін алып, сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуінен (УДЗ) өтті. Сонымен қатар мамандар аурудың алдын алу, скринингтен уақытылы өтудің маңызы және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгіну қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жетісу облыстық көпсалалы клиникасының директоры Мадияр Өмірбаевтың айтуынша, сүт безі обырымен күресте ауруды ерте анықтау және профилактикалық тексерулерден жүйелі өту маңызды рөл атқарады.
«Сүт безі обыры ерте кезеңде анықталса, емдеу тиімділігі артып, сауығу мүмкіндігі жоғарылайды. Сондықтан әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жасына сәйкес скринингтен өтуі және күмәнді өзгерістер байқалғанда дәрігерге уақытылы қаралуы маңызды. Біз профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттырып, халықтың онкологиялық аурулар туралы хабардарлығын күшейтуге басымдық береміз», – деді Мадияр Өмірбаев.
Қазіргі таңда Жетісу облысында сүт безі обыры диагнозымен 1 722 пациент диспансерлік есепте тұр. 2025 жылдан бастап 40–76 жас аралығындағы әйелдерге сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скрининг екі жылда бір рет жүргізіледі.
«Қызғылт қазан» айлығы аясындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасады. 17, 24 және 31 қазанда клиникада ашық есік күндері ұйымдастырылады. Сонымен қатар кәсіпорындар мен ұйымдарда көшпелі тексерулер және ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізу жоспарланған.
Мамандар әйелдерді профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге, скринингтік бағдарламаларға қатысуға және өз денсаулығына бейжай қарамауға шақырады.