Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үндістанның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған Халықаралық йога күнінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүгін бүкіл әлем Халықаралық йога күнін атап өтуде. Йога қатысушылары мен жанкүйерлері бізге басқа елдер мен қалалардан онлайн режимінде қосылады. Йогамен жете таныс және оны қолданатын, йогадан күш пен тыныштық табатын барлық адамдарды құттықтаймын», – деді министр.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлері де йога және басқа да дәстүрлі тәжірибелердің құндылығын мойындайды, өйткені олар денсаулықты физикалық және психикалық деңгейде сақтауға және нығайтуға бағытталған.
«Йога сабақтары дененің барлық жүйелеріне жағымды әсер етеді. Йога омыртқаның икемділігін арттырады, дене күшін дамытады, буындардың қозғалғыштығын жақсартады, тыныс алуды басқаруға, жағымсыз эмоциялармен күресуге баулиды, дененің сауығуына және жасаруына ықпал етеді», – деп атап өтті Ажар Гиният.
Айта кетейік, Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы артып барады. Ақ халаттылар кем дегенде екі адамның жұмысын істеуге мәжбүр. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде дәрігерлердің 30 пайызы зейнетке шығу алдында тұр.
Денсаулық саласына инвестиция тарту мәселесі де көңіл көншітпейді. Ведомство бұл бағытта ең аутсайдер министрлік ретінде танылды. Ажар Ғиният бұған не себеп болғанын айтып берген еді.#Денсаулық министрлігі#йога