Танымал әнші, “Жігіттер” квартетінің солисі Бағлан Әбдірайымовтың қазір жеке мектебі бар. Бұл орталықта өнер саласында, спорт және білім саласында балалар білім алып жүр. Дегенмен өнерпаз тапсырыс бойынша қосымша үйірмелерге мемлекеттік қаржы бөлген “Артспорт” жобасының тоқтап қалғанына наразы екенін айтады. Тіпті бұған дейін тегін білім алған оқушыларға не деп жауап берерін білмей жүргенін де Stan.kz тілшісінен жасырмады.
– Бағлан мырза, жалпы осындай білім мен өнерді, спортты бір жерге тоғыстырған мектеп ашу идеясы қайдан келді?
– Оқушылар сарайында жұмыс істеп жүрген кезде орталықтың директоры Айгүл ханым “Бағлан, бұл – қара шаңырақ. Осы жерде сен өз мектебіңді неге ашпайсың?” деген ұсыныс жасады. Маған дейін бұл қара шаңырақта Нұрлан Албан, Сәкен Майғазиев, Қарақат әпкелеріміз өз мектептерін ашып, түлеп ұшқан еді. Сондықтан мен де байқап көрейін деп шештім. Ақырындап еңбегім жемісін беріп, жеке мектебімнің айы оңынан туа бастады. Ол кезде келіншегім бала тәрбиесімен үйде отырған еді. Бұл салада тәжірбиесі жоқ, бұрын жасап көрмеген жұмыс қой. Бірақ мен осы мектепті ары қарай дамытуға ұсыныс жасадым. Біріншіден, бала саны аз. Екіншіден, өзің де тәжірбие жинайсың. Үшіншіден, баланың білім деңгейін дамытуда қандай сұрақтар, қай салаға көп сұраныс болатынын анадан басқа артық ешкім білмейді. Сондықтан қорықпай бастап көруге ұсыныс айттым. Ол да бірден кірісіп кетті. Бір баладан өскен мектебімізде қазір 400-ге жуық бала білім алуда. Олар ақылы да, тегін де оқып жатыр. Мектепте тек өнер мен спорт емес, мектепке даярлық, ағылшын сияқты білім саласында қызмет жасаудамыз. Биыл, Алла қаласа, мектебіміздің ресми жұмысын бастағанына бір жыл болады.
– Байқағанымыздай, Instagram-дағы парақшаңызда “Артспорт” жобасының тоқтап қалуы қатысты ой-пікіріңізді ашық жаздыңыз. Тіпті “сатқын ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз” деп елді бір шулатып қойдыңыз…
– Иә, мен тек бір тармағын ғана жеткіздім. Бұл негізі шикі жоба болып тұр. Алдағы уақытта өз жүйесін табады деп ойлаймын. Бәріміз қазір ұл-қыз өсіріп жатырмыз. Мен бала ретінде қарап айтып отырмын. Бастапқыда тегін өзіне ұнайтын үйірмелерге, спортқа барып жүрген балалар бір сәтте тоқтап қалады. Үйге келіп әке-шешесінен “Неге бармаймын?” деген кезде, “Үкімет енді ақша бөлмейді” деп жауап берсе, менің бала көңілім басқаша қабылдайды. Одан бөлек, теледидардан референдум, “Жаңа” Қазақстан тағы басқа бітпейтін форумдар өтіп жатқанын көрген әке-шеше дастархан басында “осылардың-ақ “Жаңа” Қазақстаны, форумы бітпейді. Анда-мында шашылғанша осы балалардың үйірмелеріне ақша бөлмей ме?!” деп айтса, тағы да бала көңілім сынады. Осыдан кейін ол баланың ойында мемлекетке сенімсіздік пайда болады. Патриоттық сезімнің де оянуы екіталай.
– “Жаңа” Қазақстан деп шулап жүрміз. Сіздің ойыңызша, “Жаңа” Қазақстан қалыптасу үшін не істеу керекпіз?
– Шыны керек, ұрпақ тәрбиелеу қажет деп айтар едім. Кәсіпкер ретінде маған үкімет ақша бөлсе де, бөлмесе де, өз арбамды өзім сүйрей аламын. Бұл бизнесте мен шығынға батсам да, басқа жолды таба аламын. Басқа кәсіп жасап кете аламын. Себебі мен қоғамға бейімделген адаммын. Ал ұрпаққа келгенде ойлану керек. Мысалы, қазір осы орталықта 400 -ден астам бала жүр. Ата-аналар да, балалар да “неге біз тегін тіркеле алмай жатырмыз?” деп сұрайды. Олардың бәріне “Мемлекетте ақша жоқ, пәлен жерде ұсталып қалыпты. Бөлінген ақшаны жеп қойыпты. Әкім қаржы бөлмей жатыр. Жергілікті жерде қаражат жоқ” деп қалай айтамын?! Сондықтан “Жаңа” Қазақстанды құру үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу керек.
– 60 000 теңгеге бизнес бастап жатырмын деп әлеуметтік желіде сүйінші сұраған едіңіз. Жалпы, алпыс мың теңгеге қандай бизнес бастауға болады?
– Оны мен айта алмаймын. Ол әзірге құпия. Алла нәсіп етсе, болашақта жемісін көріп жатсам айтамын. Жалпы адам баласының қолынан бәрі келеді. Тоқтар Әубәкіров ағамыз ғарышқа ұшып келді ғой. Адамнан адамның несі артық?! Оқу-білім, ізденісі артық. Алпыс мың теңге деп қойғаным – үлкен жобалардың бірі. Ол жобаны бастау үшін 100 миллионға дейінгі қаражат керек. Бірақ мен оны қатты жасағым кеп тұр. Сондықтан басын бастайық деп қалтамдағы алпыс мың теңгені алғашқы инвестиция ретінде салдым. Алла қаласа, жүзеге асып, ауыз толтырып айтатын сәт болған кезде “амалдар ниетке байланысты” деп ашып бәрін айтамын.
– Жазбаңызда “қалтамдағы соңғы 60 000 теңгемді бір бизнеске салдым” деп жаздыңыз. Бұл барлық әлеуметтік желіні шулатып кетті. Көп пікір қалдырушылар гонорары қымбат әншінің соңғы ақшасы дегенге сенбейтінін жазыпты..
– Енді бай деп ойласа, ауыздарына май деп айтқым келеді. Көп кезде адамдар жағдайын айтып, көмек сұрап жатады. Бәлкім, бай деп ойлайтын шығар. Бұл алпыс мың соңғы ақша емес. Ақша бір күн бар, бір күн жоқ. Кәдімгі адамдар қалай өмір сүрсе, біз де солай өмір сүріп жатырмыз. Бұл шешім қабылдау үшін, тәуекелге бару үшін жасалған бір қадам еді.
– “Ақ пен қара” кітабына бет бұрсақ… Кітап авторы ретінде сатылымға көңіліңіз толды ма?
– Қазір біз 13 000 дана кітап шығардық. Соның 2000 данасы қалды.
– Болашақта Бағлан тағы да кітап жазуы мүмкін бе?
– Мүмкін. Адамдарға шабыт беретін, мотивация болатын нәрселерді жазғым келеді. Басы басталып қойды десем болады. Ойларым өте көп.
– Соңғы сұрағымыз тікелей сіздің өмірлік тәжірбиеңізге байланысты болмақ. Қарызға белшесінен батқан адам қалай “қарыз шұңқырынан” шыға алады? Беретін қандай да бір кеңестеріңіз бар ма?
– Негізі адам қарызсыз өмір сүре алмайды. Бастысы, қорықпау керек. Алыс-беріс адамдардың арасында болып тұрады. Ал үлкен қарызға кіріп кеткен кәсіпте жүрген немесе кезіндегі мен сияқты адасып қарызға кіріп кеткен адамдар болса сөйлесу керек. Адам адамды кешіреді. Адам адамды түсінеді. Мен 4-5 адамға қарыз болып, оларды шайға шақырып бәрінің ашығын айттым. Ренжігендер де болды, күтпеймін дегендер де болды. Бірақ уақыт сұрап аз-аздан қайтаруға келісіп алдық. Негізі мен тоғыз айда қайтарып беретін болып келіскен едім. Тоғыз ай емес, төрт жыл қайтты ғой. Ең адамның жүйкесін қоздыратын нәрсе – қашып жүру. Қарыз болсаң, назардан жоғалма. Хабарласа – жауап бер. Ол да адам ғой. Ашығын айтып, түсіндір. Адам адамды түсінеді.