Бір-ақ күнде көшеде қалғандардың арасында көпбалалы отбасылар мен студенттер көп.
Көрші елден келушілердің саны артқан сайын Алматы мен Астанадағы пәтер құны аспандап кетті. Сырттан келгендерге пәтерін қымбатқа өткізгісі келетіндер бұрынғы жалдаушыларын үйден қуып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Бала-шағасымен тентіреп кеткендердің видеосы ғаламторда қаптап кетті. Бір-ақ күнде көшеде қалғандардың арасында көпбалалы отбасылар мен студенттер көп. Барлығының басындағы жағдай бір — пәтер иелері жалдау құнын аспандатып жіберген. Соның салдарынан далада түнеп жүргендер де бар.
500 мың теңге төлемесеңдер пәтерді босатыңдар деді. Содан міне мына арықтың жағасына жайғасып, түнедік. Не істейміз енді?! Көнеміз,
— деді далада қалған тұрғынның бірі.
Баспанасыз қалғандардың айтуынша, бұған көрші елден келушілердің көптігі себеп. Өйткені, олар пәтер ақысын жергілікті тұрғындарға қарағанда екі-үш есе көп төлейді.
Ал пәтер қожайындары оңай олжаға кенелгендеріне дән ырза. Бұл жағдай қарапайым тұрғындардың ғана емес, өнер жұлдыздарының да ашуына тиіп отыр.
«Біз өзі кімге қонақжаймыз?! Кешелі бері әлеуметтік желіде сөмкелерімен далада қалған қазақтар. Туған жерінде тентіреп жүрген қазақты өзге елге барғанда құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынар дейсіз бе?! Өз үйінде қадірленбеген қазақты қай ұлт құрметтесін?! Біз намысын нанға сатпайтын ел емес пе ек?! Қазағыңды қуып, тапқан 5-10 теңгең қай жыртығыңды жамайды дерсің?! Түн ортасында үйді босат деп шығарып жіберген отбасының қаяу көңілі — тапқан табысыңызды тамағыңыздан қалай өткізбек?», — деп жазды Жұлдыз Әбдукәрімова.