Мұндай норма медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға байланысты жаңа заң жобасында қарастырылған.
Қазақстандықтардың медициналық көмек алу кезінде денсаулығына келтірілген залал өтеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұндай норма медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға байланысты жаңа заң жобасында қарастырылған.
Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, Денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты түзетулер қазір Мәжілісте қаралып жатыр. Оларды қабылдау нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін медициналық қызметтердің сапасы да арттырылмақ.
«Тиісті заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында алға қойған міндеттерін іске асыру мақсатында әзірледі. Президент медицина қызметкерлерінің құқықтық және қаржылық қорғалуы мен жауапкершілігіне, оның ішінде кәсіби қызметіне кепілдік беретін жүйені әзірлеп, енгізуді тапсырған болатын. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс пен Қылмыстық кодекске, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Жалпы, түзетулер медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттер құқықтарын қорғауға және медициналық көмек сапасын арттыруға бағытталған», – дейді Мәжіліс депутаты, дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Елеуов.
Заң жобасы аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін қолданыстағы сақтандыру компаниялары арқылы болжамды сақтандыру жүйесі әзірленген.
«2023 жылдан бастап медициналық ұйымның өзі сақтандырушы болады, ал 2025 жылдан бастап медициналық ұйым мен медицина қызметкері сақтандыру жарналарын тең үлесте төлейді. Бұл бірлескен кәсіби жауапкершілікке әкеледі. Бұл ретте медициналық ұйым пациенттерден немесе олардың туыстарынан түскен шағымдарды медиацияны және мамандандырылған медициналық бірлестіктерді тарта отырып ішкі аудит қызметі деңгейінде қарайтын болады. Келіспеушілік туындаған жағдайда шағымдар сараптамалық қорытынды беру үшін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне беріледі», – дейді депутат.
Сондай-ақ, заң жобасында медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкцияларын азайту ұсынылады.
Түзетулерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар да енгізіледі. Олар: біржолғы төлеммен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы, «Үздік маман» республикалық конкурсының жеңімпазы.
Қазіргі уақытта заң жобасы қоғам белсенділері мен дәрігерлердің қатысуымен жұмыс тобында қаралып жатыр.