Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп, облыс орталығының жолдарында жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары рейд кезінде автокөлік жүргізушілеріне көліктерін қысқы мезгілге қалай дайындау керектігі туралы көрнекі ақпараты бар парақшалар таратты. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырды.
Тәртіп сақшылары жүргізушілердің техникалық байқаудан өтуіне, жазғы доңғалақтарын қысқы доңғалаққа ауыстыруына назар аударды. Сондай-ақ көлікке қажетті майларын ауыстырып, жаңа сүзгілерді қойып, тежегіш жастықшаларын, шамдарын, әйнек тазалағыштарын, салқындату жүйесін тексеріп қоюға кеңес берді. Сонымен қатар жолдарда мүмкіндігінше мұқият болу керек, әсіресе ауа-райының қолайсыздығында жылдамдық режимін, маневр жасау ережелері мен қашықтықты сақтау қажеттігін жеткізді.
Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Құрметті облыс қонақтары мен тұрғындары! Алдымызда қыс мезгілі, осыған байланысты Сіздерге ең алдымен көктайғақ кезінде жолда тайып кетпеу үшін доңғалақтарыңызды ауыстыруға шақырамыз. Сондай-ақ жарық шамдарының дұрыстығын тексеру керек. Жалпы жолдарда абай болыңыздар!»- деп атап өтті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі