Қазақстан президенттігіне үміткерлер дебаты 11 қарашада өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қазіргі уақытта «Хабар» телеарнасы 2022 жылдың 20 қарашасына белгіленген ҚР президенті сайлауында сайлауалды теледебаттар мен пікірталастарды өткізу регламентін әзірледі. Регламент жобасы Орталық сайлау комиссиясына келісу үшін ұсынылды.
Жобада сайлау алдындағы жарыссөздер мен талқылауларды өткізу тәртібі қарастырылған: қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, қатысушылардың сөйлеу тәртібі, іс-шара қай тілде өтетіні, эфир уақытының ұзақтығы», – деді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.
«Пікірсайысқа Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Ерлан Қошанов (Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілі болады), Салтанат Тұрсынбекова қатысады. Дебат 11 қарашада сағат 20:00-де «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде өтеді.
Дауыс беру нәтижесінде 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленген Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауда сайлауалды теледебаттар мен пікірталастарды ұйымдастыру және өткізу туралы қаулы қабылданды», – деді Щегорцова.