Оңтүстік астанадағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері тізе буыны зақымданған бірнеше пациентке күрделі ота жасады. Бірегей операциялар «ағзаны сақтап қалуға» мүмкіндік береді, деп хабарлайды аурухананың Ортохирургия бөлімшесі меңгерушісі Арнат Байзақов.
Бөлімше дәрігерлері мәскеулік маман Лев Кнеллермен ынтымақтастық шеңберінде үш пациентке шағын инвазивті ота жасады. Операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.
Шеберлік класына қатысқан Полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Әскеровтің айтуынша, ота жасатқан пациенттердің әр қайсысы тізесін әртүрлі жағдайда жарақаттаған. Мысалы, 18 жастағы Кәрім тізе буындарын бір ай бұрын грек-рим күресінен жарысында зақымдаған. Ал 30 жастағы Арманның жарақат алғанына 15 жыл болыпты. «Жығылғанға жұдырық» демекші, содан бері ауыратын тізесін тағы 10 шақты рет ауыртып үлгеріпті. МРТ дәрігері болып жұмыс істейтін 38 жастағы келіншек тізесін үйде жарақаттаған. Олардың бәріне тізе буыны артроскопиясы деп аталатын ота жасалды.
«Белсенді еңбек ететін жастағы пациенттердің үшеуінің де тізедегі мениск шеміршегі сынған. Мениск тізені қорғап, оның қозғалысын қамтамасыз етеді. Әдетте көптеген дәрігерлер оны алып тастайды. Біз «ағзаны сақтап қалуға» бағытталған операциялар арқылы менискті қалпына келтіреміз», – дейді Арнат Байзақов.
Жалпы, артроскопия шағын инвазивті ота болып саналады. Сондықтан тізе буынында жасалатын барлық манипуляциялар кішкентай екі тілік арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде емдеу барысында пациенттің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі әрі ауырсыну сезімі азаяды. Ота науқастың қалпына келу мерзімін де едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Алматылық дәрігерлер тізе жарақатын тіліксіз емдейді
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі