Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін сақтау, сондай-ақ оқу орындарының жанында бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Кентау қаласы полицейлерінің бастамасымен "пилоттық жоба" іске қосылды. Яғни аталған жоба аясында жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі кезекшілікті ювеналды полиция инспекторларымен бірге қоғамдық көмекшілер жүзеге асыратын болады.
Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бағлан Янкин айтқандай: "Кентау қ. полиция бөлімі әкімдікпен бірлесіп және қалалық мәслихаттың шешімі бойынша қала аумағында орналасқан 23 жалпы білім беретін мектеп, 4 колледж бен 1 университет маңында оқушылардың, студенттердің жолдың қауіпсіз өтуін қадағалап тұратын қоғамдық көмекшілерді бірлесіп жұмыс жасауға жұмылдырды.
Олардың міндетіне оқушылардың жол арқылы таңертең, түскі уақытта және кешкі уақытта қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, оқу орындарының аумағында құқық бұзушылықтарға жол бермеу және профилактикалық іс-шараларды өткізуге қатысу кіреді.
Кентау қаласы ПБ ювеналды полицейлерімен бірге оқу орындарының 27 қоғамдық көмекшісі кезекшілік етеді, "полиция қоғамдық көмекшісі" деген жазуы бар арнайы жилеттермен және төсбелгілермен қамтамасыз етілген.
Тәртіп сақшылары мұндай жоба оқушылардың, жастардың жолдан және жаяу жүргіншілер жолағынан өту кезінде болатын апаттардан сақтап қалуға, қауіпсіз маршрутты таңдауға және жол қозғалысы ережелері туралы еске салуға көмектесетінін атап өтті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі