Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Онда ауыр өнеркәсіп саласындағы активтерді мемлекет меншігіне қайтару және жүк т/ж қызметтерін көрсетудің жекелеген салаларын демонополизациялау жөніндегі шаралар талқыланды.
Премьер-министр қорытынды шешімдер қабылдау үшін жауапты мемлекеттік органдар еліміздің экономикалық мүддесін ескере отырып, отырыста айтылған ұсыныстарды қосымша пысықтауы қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы бізден байыпты және әділ шешімдер күтеді. Қарастырылып отырған әрбір жағдай бойынша нақты нәтижелер қажет. Осы орайда әріптестерімізден Комиссияның шешімдерін белгіленген мерзімде сапалы түрде пысықтауды қамтамасыз етуді сұраймын», – деді премьер-министр.
Сонымен қатар, қатысушылар Комиссияның биылғы шешімдерінің орындалуы туралы есепті тыңдады. 25 отырыстың қорытындысы бойынша 124 тапсырма берілген, оның 93-і орындалды, қалғаны орындалу сатысында.