Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-3 C
Nur-Sultan
-0.1 C
Almaty
10.3 C
Shymkent

Қазақстанның болашағы бар ма?

Танымал

Ел аузында

Өз құлағыммен естігенім. Болашақ жоспары туралы сұраған маған бір оқушы қыздың айтқаны. «- Өскен соң Астанаға барамын, жақсы қызметке тұрамын да ақшаны жеймін. Көп жеймін. Өйткені аз болса өзіме ғана жетеді ғой, ал мен мына артымдағы інілерімді де көтеруім керек. Әке-шешемді қасыма алуға тиіспін. Жоғарыдағылармен бөлісуім қажет. Сондықтан мен аямай жеймін».
Міне біздің 30 жылда жеткен жеріміз. Ал, сол 90-ыншы жылдарды естеріңізге түсіріңіздерші. Армандар қандай еді? Тұтас әлем құшақ жайып тек өзін күтіп тұрғандай сезінетін мектеп түлегінің кебінде едік. Құлдықтың қамытын тастадық, енді дамимыз, өркендейміз, АҚШ пен Жапонияны қуып жетеміз деп күпіндік. Ең бастысы шын сендік, рух болды, талпындық. Жүрек таза еді.
Қазір Сізде сондай сенім, сол рух бар ма?
Тәуелсіз Қазақ еліне 30 жыл толды. Аз да емес, көп те емес. Дегенмен өткенді саралап, қандай да бір ой түюге жеткілікті уақыт. Бүгін алыстан толғамай-ақ қысқаша ғана осы өзіміздің мемлекет бізге, қарапайым азаматтарға не беріп отыр дегенге тоқталайық.
Ең бірінші мемлекет не үшін керек, оның қоғам мен азаматтар алдындағы міндеті не дегеннен бастасақ. Меніңше мемлекеттің басты міндеті өз азаматтарына еркін дамуға жағдай жасау, заманына сай лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. Бұл ұғымдарды негізгі 3 топқа бөлуге болады.
1 топтама (тікелей міндеттер): Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық көмекпен қамту, мүмкіндігі шектеулілерді, зейнеткерлікті қолдау, барлық азаматтардың білім алуын қамтамасыз ету, жеке меншік құқығын қорғап жеке кәсіппен айналысуын қолдау.
2 топтама (рухани құндылықтар): Заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету, ұлттық, діни, мәдени таңдау және даму еркіндігі, теңдей карьералық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, саяси еркіндік.
3 топтама (заманға сай лайықты өмір сүруге жағдай жасау, материалдық құндылықтар): Баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, көлік сатып алуына, демалып-сауығуына жағдай жасау.
Бұл жерде мемлекет мұның бәрін орындауға неге міндетті деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның да басын ашып алайық. Біріншіден біз осының бәрін қамтамасыз ету үшін мемлекетке елдің бүкіл табиғи, қазба байлықтарын пайдалануға құқық беріп отырмыз. Екіншіден, әрбір азамат туғаннан бастап өле-өлгенше мемлекетке түрлі салықтар мен алымдар төлейді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бәріміз кез-келген табыстан 10 % табыс салығын төлеп отырмыз. (Мысалға осы биылғы алты айда қосымша құн салығынан (НДС) бюджетке 1,3 трлн теңге, корпоративтік табыс салығынан 1,2 трлн, жеке табыс салығынан 549,9 млрд теңге, әлеуметтік салықтан 400,8 млрд теңге түскен). Бір сөзбен айтқанда азаматтар мемлекетке табиғи байлықтарды пайдалануға рұқсат береді және салық төлейді. Ал, мемлекет осының есебінен жоғарыда аталған міндеттерін орындауы тиіс.
Ал енді осы міндеттердің бүгінгі күні орындалуына жеке-жеке тоқталайық.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
Менің жеке пікірімше мемлекет бұл міндетін 40 % ғана орындап отыр. Ия, көшеде шектен шыққан криминал, бассыздық (беспредел) жоқ. Дегенмен, жеке басын көшеде толық қауіпсіз сезініп жүрген, дүние мүлкінің қауіпсіздігін уайымдамай жүргендер жоқ не өте аз. Қайта керісінше, тұрғындар құқық қорғаушылардан қорқады. Құқық қорғау органдарының арасындағы коррупция заң бұзғандардың жауапкершіліктен оңай құтылып кетуіне мүмкіндік беруде.
Медициналық көмекпен қамту:
Мемлекет бұл міндетті орындаудан толық дерлік бас тартты. Орындау 0 %. Бітіп болмайтын реформалардың нәтижесінде бізде тегін медициналық көмек енді жоқ. Медициналық сақтандыру қоры арқылы сақтандырылып қана көмек ала аласыз. Ал, сақтандырылу үшін қалтаңыздан төлейсіз және жұмыс беруші сіз үшін төлейді. Сақтандыру қоры арқылы көрсетілетін көмек деңгейінің төмендігі соншалықты, жұрттың бәрі өз ақшасына жеке медициналық мекемелерді жағалап жүр.


Қызық: Сіз өзі немесе бала-шағасы Қазақстанда емделген шенеунік көрдіңіз бе?


Мүмкіндігі шектеулілерді, зейнеткерлікті қолдау:
Менің жеке пікірімше мелмекет бұл міндетінен де сырғып кетті. Тағы бір реформа арқылы зейнетақы қорын құрды да, зейнетақымен қамтамасыз етуден бас тартты. Қазір біз бәріміз өз зейнетімізге ақшаны өзіміз жинап жатырмыз. Ай сайын табыстың 10 % төлеу арқылы. Мемлекет әйтеуір мүгедектерге жәрдемақы төлеп отыр. Бірақ, мардымсыз. Бұл міндеттің орындалуын 30 % деп бағалаймын.


Қызық: Сіз зейнетақы қорынан алатын зейнетақысына ғана өмір сүріп жатқан кезінде жоғары лауазымды қызмет атқарған пенсиядағы шенеунікті көрдіңіз бе? Жалпы олар қарттығын Қазақстанда өткізіп жатыр ма өзі?


Барлық азаматтардың білім алуын қамтамасыз ету:
Мемлекеттің толық орындап отырған бірден-бір міндеті осы. Барлық мектеп жасындағы балалар мемлекет есебінен орта білім алуда. Білім берудің сапасы деген өз алдына басқа бір тақырып. Сондықтан бұл міндеттің орындалуын 100 % деймін. Ал, жоғарғы оқу орындары туралы әңгіме басқа.


Қызық: Сіз баласы Қазақстандағы ЖОО ғана оқыған шенеунікті көрдіңіз бе?


Жеке меншік құқығын қорғап жеке кәсіппен айналысуды қолдау:
Ұңғыл-шұңғылы көп қиын тақырып. Дегенмен жалпы алғанда мемлекет жеке кәсіпкерлікті қолдап жатқан сиқы бар. Жеңілдетілген несиелер береді, салықтардан босатып не жеңілдетіп жатады. Әрине, бұл жерде де сол ұрлап-жырлау, «телефон құқығы» т.б жетіп артылады. Дегенмен, меніңше бұл міндеттің орындалуын 70 % деуге болар.


Қызық: Сіз енесі, әйелі, баласы, туысы т.б. бизнесмен емес шенеунік көрдіңіз бе?


Енді 2 топтама бойынша.
Заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету:
Бұл міндетті орындау біздегідей авторитарлық режимның ойына да кіріп шықпаған шығар. Рас, бір қарасаң бізді ешкім шектеп те жатқан жоқ, дегенмен дәл бүгін Қазақстанда заң алдында бәрі бірдей деп кім айта алады екен а? Саясатты қозғамай-ақ қоялық, дегенмен тіпті күнделікті өмірдегі, тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық, жерлестік, командаластық, бюрократияның өздері ғана заң алдындағы теңдікті әлдеқашан жоқ қылды ау. Меніңше бұл міндеттің орындалуы 30 %.


Қызық: 1 млн доллар пара алып ұсталған шенеунік бостандық алып, 1 тауық ұрлаған адамның пәленбай жылға сотталғанын бәрі біледі.


Ұлттық, діни, мәдени таңдау және даму еркіндігі:
Басқа-басқа, дәл осы мәселеде бізде ешқандай проблема жоқ деуге болар. Толық еркіндік. Содан ғой діни ағымның бәрі бізде. 30 жылда басқа ұлт өкілдерінің жүзден бірі де мемлекеттік тілді үйренген жоқ. Орындалуын 100 % дейік.
Теңдей карьералық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, саяси еркіндік:
Шыны керек, осы 30 жылда саяси еркіндік дегеннің қандай болатынын түсініп те, иіскеп те көрмедік. Көрсек, түсінсек баға берер едік. Ол өзі қандай болады екен? Оны немен қосып жейді екен? Ал, білмеген нәрсені қалай бағалайсың. Сондықтан оның қасында карьералық мүмкіндіктер жағы бізде керемет деуге болады-ау. «Көкең» болса болды, өрлей бересің, өрлей бересің (әзіл). Шындығында әлеуметтік лифт бізде бар. Жеке өзім еш таныс-тамырсыз жақсы карьера жасаған талайды көрдім. Бірақ, тек «көкесінің» арқасында отырғандарды олардан көп рет кездестірдім.
Білмейтінімді білмейін дейін. Бұл жерде маған баға беру қиын. Обшым, орындалуын 50 % дейік.


Қызық: Баласы қарапайым жұмысшы болып жүрген шенеунікке іздеу жариялайық. Болса, ат басындай алтын берейік


Келесі 3 топтама.
Баспанамен қамтамасыз ету:
Азаматтардың ең басты материалдық қажеттіліктерінің бірі. Бар болғаны 18 млн халқы бар, далиып жатқан жері бар, құрылыс материалдары аяқтың астында жатқан Қазақстан үшін ең орындалуы оңай міндет осы сияқты еді.
Бірақ …
Үлкен қалаларда онның бірі пәтер жалдап тұрады. Бестің бірі ұядай жерде топырлап тұрып жатыр. Үштің бірінің мойнында несие қамыты бар. Жастардың дені басында баспана болмағандықтан үйлену мәселесін кейінге шегеріп жүр.
Қазақстанда орташа жалақы ресми 251 мың теңге немесе 590 $. Ал, тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы мысалға Алматыда 550 мың теңге немесе 1300$. Сонда Алматыдан үй алу үшін қанша уақыт ақша жинайсың? Ал, жалақысы біздегіден әлдеқайда жоғары Түркия, Грузия сияқты мемлекеттерде тұрғын үй бағасы әлдеқайда арзан.
Ал, мемлекет ше?
Ал, мемлекет (ірі қаржылық құрылымдардың жетегінде кетіп) түптеп келгенде тұрғын үй бағасының арзандауына емес, қымбаттауына жағдай жасап отыр. Бұл жерде мемлекет азаматтардың емес, ірі компаиялардың (лоббиі мықты) мүддесін көбірек қорғауда десем өтірік болмас.
Ия, мемлекет бәрімізге үй алып беруге міндетті емес. Бірақ, тұрғын үй нарығын реттеп отыру оның міндетіне кіреді. Бұл міндетті орындауын 40 % деп есептеуге болатын шығар. Онда да соңғы кездері қолға алған арендалық баспана т б бағдарламалары үшін ғана.


Қызық: Осы ел басқарып отырғандар үйлерін осы нарықтағы бағаға сатып алды ма екен?


Жұмыспен қамту:
Өзекті мәселе. Тағы да сол, саны аз халқымызды жұмыспен қамту оп-оңай шаруа сияқты.
Алысқа бармай-ақ, қазба байлықтарымызды өзіміз игерсек (арабтар сияқты), ірі мемлекеттік тапсырыстарды (тендерлерді) ұтып алғандар тек өз отандастарымызды жұмысқа алса (гастарбайтерді емес) мәселе толық шешілмесе де бірыңғайланып қалар еді. Жоқ, 30 жыл болды мұнай-газ, уран жағында топырлаған шетелдіктер, құрылыстарда өзбектер. Өзіміздің халық бос. Түк өзгерген жоқ. Тіпті мемлекеттен миллиардтап ақша алатын, билік жылда даңғаза жасап ашатын пашкі-пашкі зауыт-фабрикалар толық жұмыс істеп тұрса да талай азамат отбасын асырап отырар еді. Ол да жоқ қой. Бұл жерде мемлекеттің үйлестірушілік, бақылаушылық ролі нолге тең. Бұл міндеттің орындалуына 30 % баға беремін.


Қызық: Осы ел басқарғандар үйлеріне жөндеу жасатқанда кәдімгідей келісім-шарт жасап, тек қазақстандық жұмысшыларға істете ме екен?
Көлік сатып алуына, демалып-сауығуына жағдай жасау:
Бұл жерде көлік мәселесі мемлекеттің міндеті деп отырған жоқпыз. Бірақ, терииториясы үлкен Қазақстан үшін азаматтарының мобилділігін қамтамасыз ету де маңызды екені анық. Азаматтарға материалдық құндылықтардан керегі осы баспана мен көлік қана ғой өзі. Ал, біздің мемлекет не істеп отыр? Қыруар қаржы құйғанмен өз өндірісімізді қарық қылмады (өтірік бізде құрастырылған сияқты болған көліктер). Дегенмен өз өндірісімізді қорғау шаралары деген сылтаумен түрлі алым-салық енгізу арқылы сырттан көлік әкелуді толық дерлік тыйды. Қазір Қазақстан әлемдегі көлік бағасы аса қымбат елдердің қатарында.
Нәтиже не? Халық басын қатерге тігіп ескі -құсқыны мініп жүр не қарызға кіріп сол американдық 20 мың долларға алатын Кампиді 40 мың долларға сатып алып жүр (американдық неше айлығына алады, ал біздің адам қанша уақыт ақша жинауы керек?). Еліміз жол апаттарынан қайтыс болатын адамдар саны бойынша әлемде алда келеді. Демек бұл мемлекеттің өз халқына жасап отырған жасырын геноциді емес пе?


Ал, халықтың демалып, сауығуына жағдай жасау туралы айтудың өзі артық. Бізде туризм, шипажайлар деген енді дами бастады. Бірақ, әлі де өзіміздің шипажайда демалғаннан Түркияға ұшып барып демелып келген әлдеқайда арзан. Демалуға ақшасы бар қазақтың бәрі шетелде жүр. Бұл жерде мемлекеттің үйлестірушілік, бақылаушылық ролі нөл.
Бұл міндеттің орындалуына 10 % деген баға беремін.


Қызық: Осы ел басқарғандар жеке көлік алғанда «Қазақстанда жасалған» көлік ала ма екен?
Демалғанда қазақстандық демалыс орындарында демала ма екен?


Қорытынды: 30 жылдағы жағдайымыз бір кісінің көзімен алғанда шамамен осы. Соңғы кездері Қазақстаннан сыртқа көшіп кету үрдісі өршіп барады. Демек, мемлекет пен азаматтардың арақатынасына осылай баға беретін тек автор ғана емес болғаны да. Мемлекетке барын беріп, бірақ ештеме алмаған адамның кетуді ойлайтыны түсінікті.


PS: Бұл бір адамның бір күнде (3 сағат), кенеттен отыра қалып ойда жүргендерін қағазға түсірген жазбасы. Кем-кетігі, біржақты ойлары болуы әбден мүмкін. Сондықтан сөғе жамандамай, қайта ойға ой қосыңыздар. Ал, мұны жазудағы мақсат – 30 жылдық мерейтой қарсаңында әрбір азамат осылай ойланып, Қазақстанның олқы түстары туралы айтып, елді дамытуға қатысты өз пікірлерімен бөліссе деген ұсыныс.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...