Қаржы вице-министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрсұлтан Назарбаев ашқан Орталық Азиядағы ең үлкен мешітке қаржы Астана бюджетінен бөлінетінін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер Ерұлан Жамаубаевтан ең үлкен ғимаратқа жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізіліп жатқанын сұрады. Бұған дейін мешітке экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның кеңсесі демеушілік жасаған деген қауесет тараған болатын.
«Менің білуімше, бұл мешіт Астананың жергілікті бюджетінен қаржыландырылады, сондықтан солардан сұраңыз. Жергілікті мешіттерді ұстауға республикалық бюджеттен ақша бөлмейміз», – деді министр.
Былтыр 12 тамызда Астанада Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Оны Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мешіт жер телімінің ауданы – 10 гектар. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешітте төрт мұнара бар. Әрқайсысының биіктігі – 130 метр. Бұған дейін мешіт құрылысына Назарбаевтар әулеті мен еліміздің басқа да элитасы қаржы бөлгені хабарланды.